Алматыда мемлекет берген пәтерлер қирай бастаған
Мемлекеттен жалға алған баспаналары жанға жайлы болмай тұр! Алматыдағы Жасқанат ықшамауданының тұрғындары осылай наразылық білдірді. Үй жаңа деген аты болмаса, жылға жетпей төбеден су сорғалап тұр. Одан қалды, кәріз құбырларының ескі екені анықталыпты. Енді онысы әр жерден тесіліп, бүтін бір ықшамаудан нәжіс иісіне тұншығып отыр.
Автор: Аруна Ортай
24.04.2017
Даладағы жауын жертөледе де жауып тұр. Арық жүйесінің дұрыс істелмегенінен жаңбыр суы да қабырғадан өтіп, үйге кірген. Одан қалды, кәріз құбыры ауық-ауық тесіліп, тұрғындар тыныстаудан қалған.
Айнұр Мәдиева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Міне, сасып жатыр. Жарты метрге көтерілген, қабырғаның жартысы түсіп жатыр. Қарапайым халықтың ақшасын сорып, тегіннен тегін ешкім беріп жатқан жоқ.
Жасқанат ықшамауданы бойынша жертөлесі кебу үй жоқ. Жаңа деген аты болмаса, төбесінен де терезесінен де су сорғалап тұр. Салдарынан іші сыз тартып, сылағы құлаған. Сапа жайлы жұрт әкімдікке талай айтыпты. Арыз-шағымды алғашқыда әлеуметтік желідегі арнайы топқа жазуды өтінген шенділер, көп ұзамай ол жақта да жауапсыз қалған.
Мәриәм Бекбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
-Уатсапқа қосып едік, ол үш күннен кейін шығып кетті. Өйткені, ол біздің проблемаларды естіп шаршап кетті. Қолынан түк келмесе енді қашады да.
Жаңа үйдің жан-жағы да үгітіліп жатыр. Ал жүрдім-бардым салынған баспана былтыр ғана қолданысқа берілген екен.
Кенжегүл Мұқанова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Былтыр Назарбаевтың туған күнінде алған үйіміз. Бір жылға жеткен жоқ әлі. Мұғалімдер бар, дәрігерлер бар, кілең бір айлыққа күн көріп отырған адамдардың үйлері.
Жылға жетпей, асты-үстінен су сорғалаған үйлерді «Ремстройплюс» компаниясы тұрғызыпты. Екі жылға кепілдік берген де солар. Сондықтан, әкімдіктегілер де кеткен кемшіліктерді сол құрылыс компаниясы түзейді деп отыр. Бірақ, оның қашан жасайтыны белгісіз. Сондықтан, тұрғындардың әзірге жауынмен жалғыз күресуіне тура кеп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!