БҚО-да Ресеймен шекарада кептеліп қалған жүргізушілер шу шығарды
Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарадағы ұзын-сонар кезек қатынасты қиындатты. Мұндағы Сырым бекетінде жүздеген көліктің қаңтарылып тұрғанына 2 күннен асқан. Жұрт тіпті азықтары таусылып, ішерге су таппай қиналып жатыр.
Автор: Асыл Әділханұы
24.04.2017
Орал мен Самара арасындағы шекараға келіп кептеліп қалған көліктердің санына жету қиын. Ұзын-сонар кезек. Жүк көліктері мен автобустардың қозғалмай тұрғанына тіпті екі күннен асқан. Ал мұның себебін түсіндіріп жатқан жан жоқ.
Асқар Қосмұратов, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Бұл жерде ылғи да кезек. Шекараның кейде Ресей жағы, кейде Қазақстан жағы жібермейді. Қазір Ресей тарапы жібермей ұстап тұр.
Бірнеше шақырымға созылған кезекте бірнеше автобус та тұр. Жолаушылардың басым бөлігі нәпақа табу үшін Ресейге бара жатқан Өзбекстан азаматтары. Екі күн бойы көлікте түнеп жүрген 600-ге жуық адамның ас-суы таусылған. Ал бекетте не асхана, не дүкен жоқ.
Леонид Еремеев, автобус жүргізушісі:
-Жеңіл көліктерді кезексіз өткізіп жатыр. Біз не адам емеспіз ба?! Бір автобуста 55- тен сексенге дейін жолаушы бар. Тамақ, су бәрі таусылды. Түнде жаурамасын деп көлікті оталдырып қоямыз. Екі күн болды. Майымыз да бітіп жатыр.
Өзбекстандықтар Ресейге мүлде жете алмай, кері қайтамыз ба деп қорқып отыр. Себебі транзиттік визалардың уақыты шектеулі. Ал, кеден қызметінің түсіндіруінше, шекарадағы ұзын-сонар кезекке Ресей тарапының жүк көліктерінің қатынауын ақылы етуі себеп. Ақшасын үнемдеу үшін көбі біздің бекеттер арқылы өтуге тырысады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!