Топан судың астында қалған Петропавл тұрғындары үйлерін тастай қашып жатыр
Қызыл су Қызылжарға да жетті. Есіл өзені арнасынан тасып, Петропавлдың шеткі ықшамаудандарын аралға айналдырып жатыр. Қазір қала шетіндегі Заречное елді мекеніне апаратын үш жол су астында тұр. Осындағы мың жарым тұрғынды, төтенше жағдай мамандары арнайы көлікпен облыс орталығына тасымалдап жүр. Ал мектепте сабақ тоқталытып, ол жер уақытша эвакуация орталығына айналған.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
24.04.2017
Тасқын судың алды Петропавлға сенбіде жетті. Демалыс күндері аяқтарынан тік тұрған шенділердің жұмыс аптасы әдеттегідей кабинетте емес, аралға айналған Заречное ықшамауданына апарар жолда басталды.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Бүгін ертең су деңгейін көтерілуі мүмкін. Енді халықты алдын-ала эвакуация пункттеріне жеткізу. Сондықтан Заречное тұрғындарына осындай талап болатын болса, міндетті түрде соны орындау керек.
Мына кадрларда судың қалаға тақап қалғаны анық көрініп тұр. Ал оның деңгейінің әлі үш-төрт күн көтерілетінін ескерсек, жағдай шынымен де қиын. Заречныйға апаратын үш жолдың бәрі қазір судың астында. Халықты төтенше жағдай мамандары арнайы көлікпен Петропавлға тасымалдап жүр.
Ғабит Ыбыраев, Петропавл қалалық ТЖБ бастығы:
-Дәл қазір су басып тұрған үй жоқ. Бірақ ол әлі келіп жатыр. Сондықтан алдын ала не боларын айту қиын. Халықты жинап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Түнде су келсе шұғыл хабарласыңдар дедік.
Заречное ықшамауданында мың жарымға жуық адам тұрады. Бала-шағаның көбі қазір облыс орталығындағы туыстарын паналап кеткен.
-Бұл Заречное ықшамауданы мектебінің спорт залы. Қазір бұл жерде уакытша эвакуация пункті ораналасқан. Бүгін түнде мұнда үйлерін су басады деген 20 адам қонып шығыпты. Қазір олардың бәрі үйлеріне кеткен. Мектепте сабақ тоқтатылды. Балалардың бәрі қалаға қауіпсіз жерге көшіріліпті.
Күтіп отырған тілсіз жау келер болса ауыл суға қарық болады дейді мамандар. Әсіресе, ауыл шетіндегі үйлердің жағдайы қиын болмақ.
Валентина Никитечева, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Осы жерде 36 жыл тұрамын. Ешқашан су үйге кірген емес. Бірақ төтенше жағдай мамандары биыл тасқынның беті қатты дейді. Үйдегі дүние -мүлкімізді биіктеу жерге көтеріп қойдық.
Есіл өзенінің деңгейін мамандар Сергеев қоймасындағы судың мөлшерінен біліп отырады. Қазір онда су деңгейі түсе бастапты. Бұл қалаға төнген қауіп тек екі-үш күннен соң ғана сейіледі деген сөз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!