Атышулы "Қорғас ісі" бойынша сотталғандардың түрмеден босатылуы заңгерлердің түсінбестігін туғызды
Ауызбастырықты миллиондап алғанымен, абақтыда алты ай да отырған жоқ! Алматы соты былтыр миллион доллар парамен ұсталған "Қорғас" халықаралық орталығының басшысын босатты. Василий Нидің кінәсін бірден мойындай қою жеңіл жазаға себеп болды деп түсіндірді соттағылар.
Автор: Олжас Байжан
24.04.2017
Нидің қолына былтыр қыркүйекте кісен салынған. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның мәліметінше, миллион долларға ол халықаралық орталықтың аумағында 5 жұлдызды қонақ үй салуға рұқсат етпек болыпты. Сөйтіп, келісілген ауызбастырықты алуға Инвесторлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Махаббат Сайдуллаева жұмсаған. Бірі пара бопсалап, екіншісі оны жеткізумен айналысқаны үшін айып тағылғандар енді жазадан босап отыр. Бұрын істі болмаған, кінәсін де тез мойындады, әрі кішкентай баласы бар деп екеуін бірдей түрмеден шығаруды прокурорлардың өздері сұраған екен. Сот та бұл уәжбен тез келісе қойған. Десе де, соттың бұл үкімін заңгерлер түсіне алмай отыр.
Жохар Өтебеков, заңгер:
-Кінәсін мойындағаны үшін ғана аса ауыр қылмыс жасаған адамды жауапкершіліктен босатылғанын көптен бері естіген емеспін. Бұл жағдайда дүние-мүлкісі тәркіленбеді, айыппұл да салынбады. Тіпті қызметін ары қарай жалғастыра беруге мүмкіндігі бар екен. Ерекше жұмсақ үкімге параның сомасы әсер еткен болар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!