Топан судың астында қалған қызылжарлықтар апатқа шенеуніктерді айыптады
Қызылжарда төтенше жағдай жарияланды! Мұнда арнасынан асқан Есілдің суы бір түнде қала шетіндегі ықшамауданда жүзден астам үйді басқан. Шұғыл түрде тұрғындар мал-мүлкімен қоса қауіпсіз жерге шығарылып жатыр. Өңірде мұндай көлемдегі су соңғы 20 жылда болмаған екен. Аяқасты абдыраған жұрт бұған енді шенеуніктерді кінәлауда. Айтуларынша, олар Есіл өзенінің жағалауын дұрыс бекітпеген. Ал судың беті алдағы екі күнде қайтпайтынын ескерткен мамандар апат салдары бұдан да сұмдық болады деп отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
25.04.2017
Мына ықшамаудан халқының бәрі таңертеңнен бері көшеде өріп жүр. Түнгі кезекшіліктен оралған Наталья Гузова жанын қоярға жер таба алар емес. Су басқан үйінде үш баласы қалыпты. Ол жаққа ешкімді жібермей тұрған төтенше жағдай мамандары балаларды анасымен араға бір сағат салып әрең қауыштырды.
-Қала түбіндегі былғары зауыт деп аталатын ықшамауданға су бүгін түнде кенеттен келген. Қазір 105 үй су астында тұр. Тұрғындар мұндай сұмдықты 30 жылдан бері көрген жоқпыз дейді.
Абдыраған халық қолдарына керек-жарағын ұстап, үйлерінен қашып жатыр. Көбінің баратын да жері жоқ. Аяғы ауыр әйелдер мен мүгедектерді су басқан аймақтан шығаруға арналған көлік Алматыдан келіпті.
-Біз ауру адамдарды құрғақ жерге шығару үшін ғана келдік.
Су жер үйлерге ғана емес, көпқабатты баспаналардың бірінші қабатына да лық толған. Төтенше жағдай мамандары тасқынның болатынын халыққа кеше кешке ескерткен екен. Алайда осы уақытқа дейін мүлкін күзетіп , үйін тастамай отырғандар да бар көрінеді.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Олар неге шықпаймыз деп отыр?
-Дүниемізді сақтап қарап отырамыз дейді.
-Өмірлері ше?
Соны ойламайды, өкінішке орай. Бірінші мақсатымыз барлық адамды үйлерінен шығару, техникалар бар. Малдары бар, барлығына көмек жасап жатырмыз.
Апаттың мұншама сұмдық болатынын шенеуніктер де білмеген сыңайлы. Тұрғындар оларды Есіл өзенінің жағалауын дұрыс бекітпей, осындай жағдайға жол берді деп кінәлады.
Антон Тарасов, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Есіл өзенінің жағалауын бекіте бастаған техника оны аяқтамай тастап кетті. Енді міне сол жерден су келіп жатыр.Тасқынға дайынбыз дегендері қайда? Соншама ақшаны қайда жіберген? 30 жыл осында тұрамын. Судың бұлайша бүкіл ықшамауданды алуын бірінші рет көріп отырмын.
Қазір ықшамаудандағы мың жарым тұрғынның үштен бірі қауіпсіз жерге көшіріліпті. Мамандар су алдағы екі күнде шамамен жарты метрге тағы көтеріледі деп отыр. Яғни, әлі де талай баспананы су басайын деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!