Астанада Димаш Құдайбергеннің концертінде журналистерге жұдырық жұмсаған күзетшілер жұмыстан қуылды
Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті төбелеспен аяқталды. Қытайдан жеңіспен оралған әншінің кешіне жиналған жұрттың мазасын алған күзетшілер. "Қазақстан" концерт залының қауіпсіздік қызметкерлері ішке кірігісі келгендердің жағасына жармасып, тіпті журналистерге де жұдырық жұмсаған. Сондықтан астаналықтар концерттің ұйымдастырылуына көңілі толмай тарқасты.
Автор: Досжан Маратұлы
26.04.2017
Қытайды ғана емес, әнімен әлемді баураған Димашты көзімен көруге келгендердің қарасы көп. Үлкен де, кіші де осында. Тіпті жас әншінің өнеріне табынушылар концерт залының алдына бірнеше сағат бұрын жиналған. Димаштың концерт залына кіргені сол еді, артынан адамдар ішке лап қойды.Таласып тармасқандар тіпті есікке сыймай, қысылып қалған.
Димаштай дүлдүлді көзімен көргісі келгендердің көптігін түсінуге болады. Оның үстіне атақты әншінің тегін концертін Мәдениет министрінің өзі жарнамалап, астаналықтардың барлығын шақырған. Бірақ, әдемі кештің шырайын күзетшілер бұзды. Олар ішке сыймай қалып, Димашты холда күткен халықтың ұялы телефонына жармасып, суретке түсіруге кедергі жасаған. Тіпті, концерт туралы материал әзірлеуге келген тілшілерге де тап берді.
-Түсірме дедім ғой. Тарт,камераңды!
«Қазақстан» орталық концерт залы күзетшілерінің шектен шыққаны соншалық, тілші қызға жұдырық жұмсап, кәсіби міндетін атқаруға келген ақпарат құралдарының өкілдерін сабап тастай жаздады.
Сыртта қауіпсіздік қызметкерлері жұрттың жағасына жармасып жатқанда, жолы болып ішке кіргендер Димаштың өнеріне тәнті болды. Ал тегін концерттен құр қалғандар бұндай шараның өте нашар ұйымдастырылғанына көңілі толған жоқ.
Ғабит Нұрғалиев, Астана қаласының тұрғыны:
-Жұмыстан кейін отбасыммен концертке бардық. Бірақ, ұйымдастырушылардың адам көп болатынын ескермегені көрініп тұр. Ал, күзетшілер, жұртты балағаттап, дөрекілік танытты.
Осылайша, іске Мәдениет министрінің араласуына тура келді. Ол жұрттың ашуына тиген күзетшілердің жұмыстан қуылғанын айтты.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
-Адамның бостандығын шектеуге ешкімнің құқы жоқ. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралы өкілдерінің жұмысына кедергі келтіруге болмайды. «Қазақстан» орталық концерт залының басшылығына істің мән жайын анықтауға тапсырма бердім.
Мәселен, Димаштың Қытайда да, миллиондаған табынушысы бар.
Бірақ мұнда бірнеше айға созылған байқау кезінде, ешқандай оқыс жағдай болған жоқ. Күзетшілері де, адамдары да өте сыпайы.
Димаш Құдайбергеннің концертіндегі оқиғадан сабақ алмаса болмайтын сияқты. Өйткені, небары бір жарым айдан соң Астанада ЭКСПО басталады. Енді Мәдениет министрлігі халықаралық көрме кезінде өтетін түрлі шаралардың ұйымдастырылуына жіті мән бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!