Зейнетақы қоры жанындағы кеңестен белгілі экономистер шығып жатыр
Ал осы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы енді тек пайдаға кенелетіндеріне сенімді. Бүгін жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылаған олар зейнетақы активтері 153 миллиард теңгеге артқанын мақтанышпен жеткізді. Яғни, қорда қазір 6 триллион 840 миллиард теңге бар екен. Дегенмен, жаңа басшылықтың жұмысына көңілдері толмай, қызметтен кетіп жатқандар да бар.
Автор: Олжас Байжан
26.04.2017
-Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл қорытындысын инвестициялық табыстан бастады. Себебі, өткен жыл бойынша осыны ғана мақтан етуге болады екен. Бір жыл ішінде 400 мыңға жуық зейнетақы шоты ашылып, актив қоры 6 трлн 840 млрд теңгеден асқан.
Мұнымен қоса төлемдер мөлшері де ай сайын артып келеді деп мақтанды бүгін қор басшылары.
Нұрбибі Наурызбаева, «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқармасының төрайымы:
-Зейнетақы төлемдерін алатын салымшылар саны артуда. Биылғы 3 ай ішінде 77 млрд теңге осы мақсатта жұмсалды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 35 пайызға артық. Алдағы уақытта тек өсім болатыны сөзсіз.
Табыстың бір бөлігі зейнет жасына шыққан салымшыларға аударылса, қалғаны өзге шығындарды жабуға қазірше жеткілікті екен. Яғни қызметкерлердің жалақысы, банктерге төленетін комиссия, кеңсе жалдау секілді шығындар бар. Жыл қорытындысымен қатар қор жанындағы қоғамдық кеңесте айтарлықтай өзгерістер болды. Оның құрамынан кеңес төрағасы мен екі экономист кетіп жатыр. Досым Сәтбаев, Рахым Ошақбаев пен Ботагөз Жұманова жұмыстың бастапқы мақсаттардан алшақтағанын айтады. Қор басшылығы маңызды мәселеден гөрі, ұсақ-түйекпен айналысады дейді олар.
Ботагөз Жұманова, экономист:
-Біздің мақсаттарымыз мүлдем басқа. Салымшылардың құқығын қорғауымыз керек болатын. Бізге сайт дизайны қызықты емес. Сондықтан әркім өз таңдауын жасады. Кейбірі кеңестен шықты, қалғаны қалды.
Қор басшылығымен Қоғамдық кеңес жетекшісінің ойы да бір жерден шықпаған. Досым Сәтбаев енді алдағы аптадан бастап жұмыстан кеткелі отыр.
Досым Сәтпаев, «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ қоғамдық кеңесінің төрағасы:
-Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бізді шеттете бастады. Жұмысты ретке келтіргіміз келсе кешенді өзгерістер қажет. Ағза түгел ауырып жатса, қолыңызды емдегеннен не пайда?
Осылайша жуырда ғана басшылық қызметке келген Нұрбибі Наурызбаеваның жұмысына көңілі толмайтындар шығып жатыр. Ол осыған дейін Тұрғынүй жинақтау банкін де басқарған. Бірақ мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтерлерге қатысты даудан соң жылы орнынан кеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!