Көкшетауда үлескерлер өздерінен милллиондаған ақша жинап алған кәсіпкерді іздеп, сабылып жүр
Салған қаржыларына қаланың қақ ортасында тұрғызылған көпқабатты үйдің заңсыз екенін олар енді ғана білген. Оның үстіне, бір пәтер бірнеше адамға сатылып кетіпті. Енді жұрт екі жылда талай құзырлы органның табалдырығын тоздырып, «Кансам»компаниясының басшылары тез арада жауапқа тартуды талап етуде.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
27.04.2017
-Қаланың қақ ортасындағы мына үй салына бастағанда үлескерлер пәтерлі боламыз деп үміттенген еді. Осы оймен 40 мыңнан 100 мың долларға дейін қаржыларын да құйған. Әйтсе де, құрылыс соңы сиырқұйымшақтанып, үйдің орнында қазір не қоршауы, не күзеті жоқ иесіз ғимарат қана тұр. Ал үлескерлердің, сарыла күткен пәтерлерін де, ақшаларын да ала алмай, сан соғып қалған жайы бар.
Баспаналы болуды армандап, соңғы тиынына дейін санап берген үлескерлердің қолында құрылыс компаниясымен келісім-шарт та, ақшасы төленді деген түбіртек те бар. Бірақ нысанды 2015-ші жылдың маусымында тапсырамын деген уәдесін «Кансам»серіктестігінің орындайтын түрі жоқ.
Әлия Хамзина, үлескер:
-Мынау не деген сұмдық! Мен 4 баламен, ата-анам бар. Өзім, жолдасым. Бәріне жаздық ешкім бізді қабылдамайды.
Ең сорақысы, құны толық төленген олардың пәтерлері басқа адамдарға екінші қайтара сатыла бастаған. Осында жеткен жаңа қожайындар бұны естігенде шалқасынан түсті.
Лариса Шмид, үлескер:
-Екінші қожайын екенімді білген жоқпын. Төбеме жай түскендей болып тұрмын. Менің алғаным мына жанымда тұрған қыздың пәтері екен. Мен де 6 миллион теңге төледім.
Бұл аздай, үй тұрған жер құрылыс компаниясына тиесілі емес екен. Қаланың қақ ортасында бой көтерген көпқабатты үйді байқамаған әкімдіктегілер де құрылыс заңсыз деп отыр.
Илуа Әбенов, Көкшетау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
-Олардың қолдарында көпқабатты үй салуға рұқсат жоқ. Бұл прокуратура мен әкімдіктің қадағалауында. Енді үлескерлер үшін құжаттарды әзірлетуімізге тура келді. Тапсыру керек кешікпей.
Қазір бұл іспен қалалық прокуратура айналысып жатыр. Аталған компанияның Петропавл қаласында да дәл осындай жүйемен талайды сан соқтырғаны туралы бір апта бұрын айтқан едік. Сол кезде «Кансам» директорының бұған дейін 2 рет сотталғаны белгілі болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!