Шығыс Қазақстанда тегін берілетін дәрі-дәрмек тапшы
Мұндағы түрлі сырқатқа шалдыққан тұрғындар инсулин мен өзге де препараттарды таба алмай әлек. Дәріханаларға түспегеніне бір жылға жуықтаған дейді мұқтаж жандар. Сондықтан жұрт оны басқа препараттарға алмастыруға мәжбүр. Алайда оның өзі сапасыз. Қазір бұл іске облыстық прокуратура араласып, тексерісті бастады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
27.04.2017
Өңірде тегін берілетін дәрі-дәрмек арнайы дәріханаларда былтырдан бері жоқ. Бүгінде науқастар кейбір инсулиндерді ақшасына таба алмай дал. Солардың бірі – Райгүл Ахметқалиева. Зейнеткер бір апта бұрын жүрек талмасына ұшырап ота жасатқан. Енді, дәрігерлердің тегін бекітіп берген дәрісін жер-көктен іздеп, таппай отыр.
Райкүл Ахметқалиева, Семей қаласының тұрғыны:
-Маған Кловиксті бекітіп берді. Ол Қазақстанда жоқ. Үзбей ішіп отыруым қажет. Алайда өзін еш жерден таппадым. Амалсыз ақшама оны алмастыратын дәрі алдым.
Шығыс Қазақстанда түрлі ауруға шалдыққандардың көбінің басында осы жағдай. Сырқатымен күрескендар, тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекке республикалық бюджеттен жыл сайын миллиардтап қаржы жұмсалатынын алға тартуда. Алайда сол ақшаның шарапатын көрмей отырғандарына наразы.
Андрей Головачук, Семей қаласының тұрғыны:
-Бөлінген миллиардтар қайда кетіп жатыр? Тегін дәрі таппай сенделіп жүрміз. Неге ол осы уақытқа дейін түспейді. Біресе тендер өтпеді дейді. Дәріханаға қашан барсақ та, ондағылар «әлі келген жоқ» деп отырады.
Облыстық прокуратураның мәліметіше, дәрі-дәрмекті мемлекеттік тапсырыспен сатып алуға арналған биылғы тендер жақында ғана өткізілген. Оның өзінде шыққан нәтижемен бір компания келіспей, сотқа шағымданыпты. Соның кесірінен тендер қайта өткізілмек.
Рүстем Шідердинов, ШҚО прокуратурасының басқарма басшысы:
-Бас прокуратураға хат әзірледік. Бұл шиеленіскен жағдайдан Денсаулық сақтау министрлігі хабардар болуы тиіс. Сондай-ақ, тегін берілетін дәріге қатысты тендерді қаңтарда немесе жыл соңында өткізу жайын қарастыру қажет.
Күрделенген тендердің күрмеуі жақын арада шешілуі тиіс. Бірақ оның нақты уақытын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Сондықтан науқастардың тегін дәріні таппай әлі де сандалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!