Алматы облысында тәрбиешінің туберкулезбен ауыратынын естіген ата-аналар айқайға басты
34 жастағы Мұңайма Жақыпова Өтеген батыр кентіндегі балабақшаға күтуші боп бір жыл бұрын жұмысқа орналасқан екен. Ал жұқпалы ауру бір ай бұрын анықталыпты. Бұл жағдай прокурорлардың араласуынан кейін мәлім болған. Перзенттері таңертеңнен кешке дейін сол келіншектің қарамағында болған жұрт мұны білген бойда балабақша директорын жағадан алды.
Автор: Аруна Ортай
27.04.2017
Перзентін туберкулезі бар тәрбиешінің қарағанын білген тұрғындар балабақша басшысын айқайдың астына алды. Келіншектің ауыратыны бір ай бұрын белгілі болған екен. Ал балақайын осында сеніп тапсырғандар оны енді ғана естіпті.
Нәбира Күмісбаева, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:
- Ертеңгі күні денсаулығына кім бізге жауап бере алады? Енді не істейтінімді білмеймін.
Жұқпалы дертке шалдыққан қызметкерді жұмыстан шығардым деген директордың түсініктемесі де ата-аналарды тыныштандыра алған жоқ.
Альмира Ноғайбаева, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:
-Жөтелген! Жөтелгенде күдік болу керек қой адамда? Балаларымызға қасықпен тамақ берген, нанына май жаққан, памперсін ауыстырған.
Жанжалдан басын ала қашқан басшы ақыры кабинетіне барып тығылды. Тіпті айқайға жеткен тәртіп сақшылары да туберкулез жұқтырып алудан сескенді ме, көп ұзамай кетіп қалды. Ал өкпе құртына шалдыққан келіншек тәрбиеші боп бір жыл бұрын орналасқан екен. Сол кезде сау деген санитарлық кітапшасы да болыпты.
Нұрахмет Шабатаев, балабақша директоры:
-Міне, кітапшасында дені сау, жұмысқа жарамды деген штамп тұр! Барлық дәрігердің қолы бар.
Тәрбиешінің туберкулездің нақты қай түріне шалдыққаны туралы ақ халаттылар тіс жармай отыр. Дегенмен, балалармен қоса, басқа тәрбиешілерді де түгел тексеруден өткіземіз дейді.
Майра Егембердиева, Іле аудандық ауруханасының директоры:
-Науқас диспансерде жатыр. Иммунитеті әлсіз. ауру балаларға жұғады деген әңгіме емес.
Десе де, дауға араласқан прокуратура әйелдің туберкулездің ашық түріне шалдыққанын растады. Қазір балабақша жабылған. Онда залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Күтушінің кітапшасына сау деп жазып бергендер де енді жаппай тексерілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!