Ақтөбенің атақты «Зенасы» сот залынан босатылды
Ақтөбеде жол ережесін бұзған кез-келген жүргізушіні жазасыз қалдырмайтын полицей келіншектің өзі сотталып тынды. Жанна Ахетова әріптесін қылмысқа итермелеп, жалған құжат әзірлегені үшін айыпты деп танылып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.04.2017
Оның бұл қылығына ақтөбелік жүргізушілер аң-таң. Өйткені, Ахетова жол ережесін бұзған адамның шен-шекпеніне қарамайды екен. Тіпті, көлік тізгіндеген талай дөкейді тезге салған. Сондықтан, мұндағы жұрт оны кино кейіпкерінің атымен «Зена патшайым» деп атайды. Бірақ сол «Зена» енді өмір бойы жол сақшысы бола алмайды. Ақтөбенің алғашқы әйел жол полицейі ереже бұзған құрбысына көмектеспекші болыпты. Әріптесі Мирас Ибадуллаевқа толтырған протоколды жоқ қылуды өтініп, орнына жалған құжатты ұсынған. Жанна Ахетова бұл қылмысы үшін 2 жылға еркіндігінен айрылып, ал оның сөзін жерге тастамаған әріптесі де осыншама жыл қадағалауда болуы керек еді. Бірақ рақымшылыққа ілігіп, екеуі де сот залынан босап шықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!