{metadescription}
 Алматы жұрты төпелеп құйған жаңбырдан соң  енді ес жия бастады
 Алматы жұрты төпелеп құйған жаңбырдан соң  енді ес жия бастады

Алматы жұрты төпелеп құйған жаңбырдан соң енді ес жия бастады

Түні бойы шелектеп жауған жаңбыр Алматы өңірін әлекке салды! Қаланың өзінде жүзден аса, ал іргедегі саяжайларда 151 ауланы су шайып кеткен. Нөсердің зардабын Қарасай ауданының өзінде 5 бірдей елді-мекен тұрғындары тартып отыр. Құтқарушылар бұған жұрттың өздерін кінәлады. Өйткені, өзен аңғарын тарылып қоймай, ауыл ішіндегі арықтардың өздері қоқысқа бітеліп қалыпты.

-Түні бойы толассыз жауған жауыннан Ақбұлақ ықшамауданындағы он шақты үйді су басқан. Әсіресе ойпаңда орналасқан жер үйлердің ауласы дәл мынадай көлкіген көлшікке айналып отыр. Тіпті топан су баспаналардың ішіне дейін кіріпті. Сондықтан толарсақтан саз кешкен жұрт түні бойы далада жүрген.

Түндегі жауыннан дәл осы Ақбұлақтағы екі бірдей отбасы далада қалды. Өйткені саманнан салынған баспаналары құлап қалған. Ешқайсысы дүние-мүлктерін алып шығуға үлгермепті. Сондықтан балаларын туыстарының үйіне жіберіп, өздері жалаңаяқ су кешіп жүр.

Шәкеш Бөлтірікова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Көрші үй құлағаннан кейін кіруге қорықтық. От жағып түннен бері далада жүрміз.

Дамира Байқожаева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Оянсақ  суда жатырмыз 4 баламен. Біз шықтық мына жер құлады. Ештеңе ала алмадық. Төрт баламен енді қайда барам?

Баспаналарын су басқан жұрт бәріне жол айырығын салғандарды кінәлап отыр. Өйткені Саин мен Рысқұлов даңғылдарының қиылысына көпір салынып, арықтар талқандалған екен. Соның кесірінен жауын суы жер үйлерге жайылады дейді тұрғындар. Аудан атқамінерлері де Ақбұлақтағы арықтардың сапасы сын көтермейтінін мойындап отыр. 

Бағдат Мәнізоров, Алатау ауданының әкімі:

-Ол заңдастырылмаған  үйлер. Көмек көрсетеміз, барлығын жасаймыз.

Нөсер жаңбыр көп қабатты үйлердің де тұрғындарын есеңгіретіп кетті. Шұрық-тесік шатырлардан сорғалаған су баспаналардың ішіне дейін кірген. Тіпті көшелер көлге айналып, көлік қозғалысы да қиындады. Әсіресе Наурызбай, Алатау, Жетісу аудандарындағы жағдай қиын. Өйткені бұл жердегі кейбір көшелерде арық атымен жоқ.Ал мынау – Алматы облысындағы кіші Қырғауылды өзенінің қазіргі күйі. Топан су лай көшкініне ұласып, осындағы аулаларды түгел басып, Қырғауылды, «Аксай-19», «Торпеда», «Труд», «Полет» саяжайларын көлге айналдырған. Осындағы «Бота» балалар орталығының бірінші қабатында да су қалқып тұр. Жалпы бұл ауданда 151 үйге су кірген.

Сондай-ақ, су Алматы – Жандосов тасжолының бір бөлігін шайып, көлік қозғалысы қиындаған. Төтенше жағдай департаментінің өкілдері халықты дәл тасқын басталған сәтте ғана хабарландырыпты. Өйткені табиғат апаты кенеттен болды дейді. Ал өзеннің тасуына тұрғындардың өздерін кінәлады.

Мұрат Сыдықов, Алматы облыстық ТЖД бөлім бастығы:

-Өзен аңғарын тазаламайды, үйлерін кеңістік қалдырмай тым жақын салып алған. Сондықтан арнасы тарылып қалған. Енді жауын тоқтамайынша, аулаларды судан тазарта алмаймыз.

Қазір осы апаттың салдарын жоюға 500-ден аса адам мен жүз шақты техника жұмылдырылған. Дегенмен, тасқын әлі де күшеюі мүмкін. Өйткені синоптиктер, Алматыда нөсер жауын ертең де тоқтамайды деп болжайды. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде