Ақмола облысында дәрі-дәрмекке ақша таппағандар алтындарын ломбардқа өткізуге мәжбүр
Ақмола облысында дәрі-дәрмекке ақша таппаған мүгедектер қолдарында бар алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп жатыр. Өйткені, өңірде 8 айдан бері мемлекеттен тегін берілуге тиіс кейбір медициналық препараттар жоқ. Ал денсаулық сақтау басқармасындағылардың қашанғыдай сырғытпа жауаптары дайын. Олар тіпті дәріханаға уақытында бармады деп науқастардың өздерін кінәлады.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
02.05.2017
63 жастағы Бағлан Әубәкіров демікпе дертімен ауырады. 10 жылдан бері еркін тыныстай алмайтын оның арнайы аппаратсыз күні қараң. Алайда бірнеше айдан бері сол қажет дәрісі тапшы. Тегін берілетіндері мүлдем жоқ. Сондықтан, сатып алуға мәжбүр.
Бағлан Әубәкіров, үшінші топтағы мүгедек:
-2 өкпем істемейді. Аппаратпен отырмын, жарты жылға жуық. Бітіп қалды дейді. Берсе де, итке сүйек лақтырғандай мазақ қылады.
Дәл осындай жағдайда отырған бірінші топтағы мүгедек Жұмабай Мақышев, тынысы тарылып, қысылған сәтте аптасына 5-6 рет жедел жәрдем шақырады. Ол да жарты жылдан бері тиісті тегін дәрісін ала алмай жүр.
Ләззәт Мақышева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Жолдасым ауырады. Сүмірейіп келем,сүмірейіп кетем. Сатып алуға мәжбүрміз. Ломбардқа сақина саламыз болса, болмаса көрінгеннен сұрап жүреміз.
Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар бұлай болуы мүмкін емес дейді. Тіпті түсіру тобына дәріге лық толы қойманы көрсетті. Айтуларынша, бәріне науқастардың өздері кінәлі екен.
Сергей Киласев, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Науқастардың шағымданғаны жылдың соңында, басында дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болады.Бірақ қазір қойма толып тұр. Дәріханаларға жөнелтіп жатыр. Науқастар өздері барып, уақытында алмайды. Мүмкін емес, препараттар жеткілікті.
Облыста тегін препараттар алатын 140 мың науқас, дәріні тарататын 105 мемлекеттік дәріхана бар. Биыл бюджеттен осы мақсатқа 3 жарым миллиард теңге бөлініпті. Алайда қойма толы дәрі неге жұртқа жетпей жатыр деген сауалдың басы ашық қалып тұр. Қолдан жасалып отырған тапшылық қаншаға созылары тағы белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!