Астана әуежайын дүрліктірген Ауғанстан елшісі өз елінде жазалануы мүмкін
Ауғанстан елшісі Астана әуежайында қалжындаймын деп үлкен дауға қалды. Тіркеу бөлімінде жолаушының жүгіне қатысты қалыпты сұраққа Мохаммад Фарук Бараки « сөмкемде бомба бар» деп жауап берген. Әуежайды аяғынан тік тұрғызған жолаушының абырой болғанда жүгі қауіпсіз, ал өзі елші екені кейін анықталды.
Автор: Азамат Алдоңғаров
02.05.2017
Ауған елшісінің қалжыны бір сәтте әуежайдағы адамдардың бар өмірін көз алдына алып келді. Терроризм мен соғыстың ордасына айналған елдің өкілінің аузынан шыққан «бомба» деген сөзден кейін, барлық қауіпсіздік қызметі тіркеу бөліміне ағылған.
-Жолаушының қол жүгіндегі жарылғыш зат туралы хабар полицияға таңғы 8:40 түсті. Ізін ала оның жүгі арнайы үйретілген иттермен тексерілді. Кейін әуежай қызметкерлері рентген қондырғысымен қарады. Жарылғыш зат табылмады. Сол себепті жедел қызмет шақырылған жоқ.
Қазақстанда терроризм туралы жалған ақпарат үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Ал бұл жолғы жалған террористі дипломатиялық құжаты ғана жазадан құтқарды.Бұл Мохаммад Фарук Баракидің осыдан 3 жарым жыл бұрынғы Қазақстандағы дипмиссиясына ресми кірісу сәті. Ал биыл оның елшілік қызметі тәмамдалған. Бітпес соғыс ошағына айналған отанына барғысы келмеді ме, елші әйтеуір осындай орынсыз әзілге ерік беріпті.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
-Сөзсіз, әрбір елші қай елде болмасын, сол елдің заңын, қарапайым әдебін ұстануы керек. Елшінің оғаш қылығын ақтай алмаймыз. Ендігі әңгіме, екі ел Сыртқы істер министрліктерінің арасында. Бұдан былай бұндай оқиға қайталанбауы тиіс.
Елшілер өзге елдің аумағында ешқандай жазаға тартылмайды. Халықаралық тәртіп сондай. Сондықтан сақшылар қылжақбас жолаушының жолын бөгемей, Кабулға шығарып салған.
Ал Мохаммад Бараки оғаш қылығы үшін жазасын өз елінде тартуы мүмкін. Ауғанстандық дипломаттың әзілі Астанаға елші боп келетін әріптестерінің беделіне де кір келтіргені анық. Бұл істің анық-қанығын баяндап полицейлер құжаттарды Сыртқы істер министрлігіне беріпті. Дегенмен, отандық дипломаттар Ауғанстанға нота жолдамаймыз деп мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!