Оралда ата-аналарға дәрі-дәрмектің тегін берілетінін шенеуніктер айтпаған
Оралда кейбір сырқат балалардың ата-аналары дәрі-дәрмектің тегін берілетінін білмейтін болып шықты. Оларға мемлекеттің мұндай жеңілдігін ешкім ұсынбаған да. Сондықтан қалтаның жұқалығына қарамастан бағасы қымбат препараттарды өз ақшасына сатып алған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де тегін дәрінің баршаға бірдей үлестіріле бермейтінін мойындап отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
04.05.2017
Балалары сал ауруына немесе гидроцефалия, аутизм сынды қиын ауруларға шалдыққан оралдықдар ай сайын 50-60 мың теңгесін тек дәріге жұмсайды. Оның өзінде қажетті препаратты табу қиын.
Гүлмира Қазиева, Орал қаласының тұрғыны:
- Неврологиялық дәрі-дәрмектің бәрін өзіміз сатып аламыз. Баламыз 2009 дүниеге келген. Содан бері үкіметтен тегін дәрі-дәрмек дегенді естіген емеспіз.
Гүлмира Қазиеваның баласына гидроцефалия деген диагноз қойылған. Ал мұндай ауру тегін дәрі берілетіндердің тізімінде жоқ. Есесіне, сал ауруы сол тізімге енгізілген екен. Алайда одан ауру балалардың ата-аналары хабарсыз.
Анар Сариева, Орал қаласының тұрғыны:
- Қызыма ұзақ мерзімді ем қажет. Емдік жаттығулар, массаж және картексин, целебризин, магний сынды дәрі-дәрмектер міндетті түрде керек. Біз оның бәрін өзіміз сатып аламыз.
Әсіресе, мұндай дертпен бетпе-бет келген жалғызбасты аналарға қиын. Онсыз да отбасын әрең асырап отырғандар қымбат дәрілер үшін соңғы тиынын жұмсауға мәжбүр. Тек кейде қайырымдылық қорларының көмек көрсететіні бар. Ал бұл жағдайға облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауабы дайын. Мемлекеттік көмек көрсетілетін 36 аурудың тізімі бар. Оған енбегендері өз күндерін өздері көруі тиіс дейді шенеуніктер.
Руслан Айдарханов, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
- Сал ауруына шалдыққан балаларға дәрілер тегін беріледі. Ол үшін арнайы бұйрық шығарылған. Онда 5-6 дәрінің атауы көрсетілген. Біз сол бұйрық аясында ғана жұмыс істейміз.
Сонымен қатар, кейбір құны жоғары дәрілер балаларға тұрақты түрде берілмейтіндіктен, тізімге енгізілмейді екен. Өйткені бірлі-жарым қабылдаудан кейін бала емделіп кетеді. Сондықтан оны бұйрықта көрсетудің қажеті жоқ дейді басқарма өкілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!