{metadescription}
Алматыда полицейге жұдырық жұмсаған тентек әкімдікте қызмет еткен болып шықты
Алматыда полицейге жұдырық жұмсаған тентек әкімдікте қызмет еткен болып шықты

Алматыда полицейге жұдырық жұмсаған тентек әкімдікте қызмет еткен болып шықты

30 жастағы жігіт наурыз айында ғана жұмыстан кеткен. Соған қарамастан, мерзімі өтіп кеткен қызмет куәлігімен тәртіп сақшыларын қорқытпақ болыпты. Тіпті, экс-шенеунік сақшының тілін алмай, оған жұдырық ала жөнелген.

Көше ортасында қисалаңдаған Toyota полицейлердің көзіне таңғы сағат 6-да түскен. Жүргізуші сақшылардың «Тоқта» дегеніне де пысқырмапты. Керісінше, тізгіндегі тентек одан әрі есіріп, жылдамдықты арттыра түскен. Сондықтан патруль көлігі оған әрең жетіпті. Сол кезде тентектің тізгініндегі машина артқа жүріп, соның салдарынан басқа көлікке соғады. Ақыры қашып құтыла алмасын білген ол сыртқа шығып, полицейге жұдырық ала жөнелген.

Бұған қоса, Алмат Шәймерден есімді бұл жігіт Алматы әкімдігінде жұмыс істейтінін айтып, қызметтік куәлігімен полицейлерді қорқытпақ болыпты. Бөлімге келгенде де сақшылардың жүйкесін біраз жұқартқан. Тіпті, шенеунікпін деп сес көрсеткен жігіттің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады.

-Сен мені қазір КТК-дан көрсетесің бе, маған бәрібір.

Полицейлерді әбден титықтатқан жігіт алкоголь ішкен-ішпегенін анықтайтын сараптамадан да бас тартты. Сөйтсек, Алмат Шәймерден расымен де Алматы әкімдігінде қызмет еткен екен. Тіпті, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында қарапайым қызметкер  емес, бөлім басшысы болған. Тек  2 ай бұрын ғана жұмыстан өз еркімен кетіпті. Ал сақшыларға көрсеткен куәлігінің мерзімі баяғыда өтіп кеткен екен.

Луара Құсайынова, Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұжымды басқару қызметінің бас маманы:

-Жұмыстан босатылған кезде, қызмет куәлігі, еңбек кітапшасын бермейміз. Ол қызмет куәлігін жоғалтып алғанын айтқан. Куәліктің мерзімі де өтіп кеткен.

Соған қарамастан экс-шенеунік үшін мемлекеттік мекеменің кадр бөліміне сөгіс жарияланды. Ал полицейді ұрған жігіттің енді сот алдында жауап беруіне тура келеді.

Шәймерденге қатысты мас күйінде рөлге отырып, жол апатына себеп болғаны үшін іс қозғалды. Сондай-ақ, ол сақшыға жұдырық көтергені үшін де жауап береді. Қазір осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып та кетті. Ал күдікті әзірге тергеу қапасында отыр. Енді оның кінәсі дәлелденсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде