КТК-да жаңа жоба! Дина Төлепберген эфирге қайта оралды
Бұрын-соңды қозғалмаған мәселе, айтылмаған шындық! КТК телеарнасы көрерменге тың форматтағы жаңа жоба ұсынады. «Ақиқатын айтайық» деп аталатын ток-шоу ертеңнен бастап көрерменге жол тартпақ. Онда қыз-келіншектердің өмірінде кездесетін түрлі жағдайлар жан-жақты талқыланады. Әрі оны шешу жолдары сөз етілмек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
05.05.2017
Опасыздық пен тұрақсыздық, отбасындағы жанжал, туысқандар арасындағы түсініспестік... Бұл жайттар шынайы өмірде нәзік жандардың басынан өтіп жатады. Редакциямызға мұңын айтып, жасырын хат жолдайтын қыз-келіншектер – мұның дәлелі. Тек басындағы қиындықты көпке жария етуге олардың дәті бармайды.
- Мен өзіме жап-жас қыз тауып аламын. Бала туып беретін.
Енді әйел адамның басындағы осындай қиындықтар ашық талқыланбақ. Қазақ қыздары іштей тынуды жөн санағандықтан, олардың басындағы жағдай енді қойылым арқылы көрсетіледі. Әрі қарай сол мәселе студияда жан-жақты талқыға түседі.
- Мен бұған қарсымын. Сіз қазіргі заманның талабына сай айтып отырсыз.
Ақыр соңында бұл бағдарлама өмірде кездескен қиындықпен күресуге көмектеседі. Оны бірнеше адам жүргізеді. Олардың арасында әнші Шаһизада мен актриса Гүлшат Тұтова бар. Жүргізушілер өз өмірінде кездескен қиындықтарымен де бөліседі. Сондай-ақ, қазақ тілінде бұрын-соңды болмаған ток-шоумен бірге КТК эфиріне Дина Төлепберген де қайта оралды.
Дина Төлепберген, бағдарлама жүргізушісі:
- Әрбір жүргізушінің көзқарасы әртүрлі. Біреу либералды көзқарасты ұстанса, екіншісі консервативті, үшіншісі дәстүрді құптайды, төртіншісі жаңа заман, жаңа өмірдің айғағы іспеттес тұлғалар.
Сондай-ақ, түйткілді мәселені талқылауға білікті мамандар шақырылады. Ер азаматтардың пікірі де ескерусіз қалмақ емес. «Ақиқатын айтайық» ток-шоуі әр сенбі сайын, сағат 20:00-де көрсетіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!