Депутаттар жұртты тақырға отырғызатын қаржылық ұйымды жабуды сұрады
Елімізде аңқау жұртты алдап, тақырға отырғызатын тағы бір қаржық компания шығыпты. Мәжілісмен Бекболат Тілеухан тұрғындарды Questra World деп аталатын күмәнді ұйымның құрсауынан құтқаруды сұрап, Бас прокурорға сауал жолдады.
Автор: Жәудір Оразхан
10.05.2017
Депутаттың айтуынша, Questra адамдарды «инвесторсың» деп алдап, жиған ақшасын компанияға салуға үгіттейді. Оған сенгендер үй мен көліктеріне дейін сатып, сол ұйымның шотына аударып жатыр. Жұрт ақшаны еселеп қайтарамыз деп сенгенімен, миллиондар шетел асып, ізім-ғайым жоғалуда дейді депутат. Әлі мұндай күмәнді қаржы ұйымдары бір тиын салық төлемейді екен. Сондықтан Тілеухан Бас прокурордан оларды түгел тексеріп, қызметін тоқтатуды сұрады.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
-Дәл осы сәтте Questra-ға ақша салу үшін кредит алып, ломбардқа алтынын өткізіп, көлігін сатып жатқан адамдар көп. Әне-міне дегенше Questrа-мыз да жабылып қалады, түсінікті, үрленген шар секілді ол жарылады. Ақырында инсульт алған, инфаркт алған ағайын қалады. Сосын кім жаман?! Үкімет жаман болады. Себебі бұндай қаржылық компанияларды тексеру керек еді, тоқтату керек еді, xалықты қаржылық сауаттандыру керек еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!