Ақтауда қаза тапқан жасөспірім селфидің құрбаны болуы мүмкін
Ақтауда қаза тапқан жасөспірім селфидің құрбаны болуы мүмкін! 15 жастағы Ксения Басенконың өлі денесі бірер күн бұрын Каспий теңізінің жағалауынан табылған болатын. Қазір оның суретке түспек болғанда, құздан құлап кеткені туралы айтылуда. Ал өзге болжам бойынша, тоғызыншы сынып оқушысы биік жартастан әдейі секіріп, суицид жасаған. Оның мұндай қадамға баруына отбасы мен достарының арасындағы кикілжің себеп болуы мүмкін екен.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
10.05.2017
Тоғызыншы сынып оқушысының ажалына себеп болған құз осы. 15 метр биіктіктен құлаған Ксения Басенконың денесін маңайда жүрген балықшылар байқаған. Сөйтіп, бірден жедел жәрдем шақырады. Бірақ тасқа құлаған қыз сол жерде тіл тартпай кетіпті.
Қазір 15 жастағы қыздың жұмбақ өліміне қатысты түрлі болжам айтылуда. Көпшілік оны өз-өзіне қол салған деп отыр. Ал бұған отбасындағы кикілжің мен достарының арасындағы түсініспестік себеп болған көрінеді. Бірақ мектептегі ұстаздары Ксенияның суицидке баруы мүмкін емес дейді.
Ләззат Дербісәлина, К.Басенконың сынып жетекшісі:
-Ол бәрімен дос еді. Сыныптағылармен қарым-қатынасы жақсы болды. Ешқандай кикілжің болған емес. Сабырлы қыз болатын. Сабақтан да қалмайтын.
Білім ошағындағылардың айтуынша, Ксения тоғызыншы сыныпты бітіріп, колледжге түспек болған екен. Сөйтіп, мал дәрігері мамандығын иеленгісі келген. Ол оқыған мектептің психологы да жасөспірімнің отбасында ешқандай кикілжің болмағанына сенімді.
Елена Кусаева, №5 орта мектептің психологы:
-Отбасы да жақсы болатын. Анасы жиналыстардан қалған емес. Мектепке жиі келіп, қызының оқу үлгерімі мен тәртібін қадағап жүретін.
Ал енді бір болжам бойынша, кәмелетке толмаған қыздың сәтсіз селфидің кесірінен ажал құшуы мүмкін. Яғни жағалаудағы әдемі көріністе суретке түспек болғанда, құлап кетуі ықтимал. Дегенмен, мұның бәрі болжам ғана. Қыздың нақты қалай өлгені әзірге белгісіз. Оны анықтау үшін қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!