Астанада құжатсыз жүрген келімсектерге қарсы ауқымды күрес жүруде
Астанада тіркеусіз, құжатсыз жүрген келімсектерге қарсы ауқымды күрес жалғасып жатыр. Күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен полицейлер қаладағы жалға берілетін пәтерлер мен құрылыс алаңдарын түгел тінтіп жүр. ЭКСПО-ға байланысты өтіп жатқан шара барасында бүгін ондаған заңсыз мигрант ұсталды. Бұдан бөлек, полицейлер пәтеріне ақылы түрде адам тіркеуді бизнеске айналдырғандарды да әшкерелеп, әрі тұрғындардың тіркеуде бар жоғы да жаппай тексеруде.
Автор: Досжан Маратұлы
12.05.2017
Әдетте қала ішінде тұрғындарды тасымалдайтын қоғамдық көлік бүгін келімсектерге толы. Өйткені, Астанада заңсыз жүргендерді полицейлер осы автобуспен аулап жүр. Құрылыс басында жүргендердің көбінің құжаты дұрыс емес.
-Бұрыннан келеміз ғой. Астанаға бірінші рет. –Бірінші рет?- Иә.
Полицейлер оларды түгел бөлімшеге тиеп алып кетті. Жалпы, Елордаға нан табуға келгендердің көбі қырғыз, тәжік, өзбек азаматтары. Бір қызығы құрылыс басында ұсталса да көбі қонаққа келдім деп ақталып әлек.
Енді ұсталған көрші елдердің азаматтарынан саусақ іздері алынып, еліне қайтару мәселесі қаралмақ. Қосымша айыппұл да арқалауы мүмкін.
Мұхан Жанасов, Мамандандырылған Күзет қызметі басқармасының қызметкері:
-Егер қонаққа келсе тек бір айға дейін ғана рұқсат беріледі. Егер жұмыс істеуге қалатын болса, 3 айға қалады. Ол кезде салағын төлеу керек Қазақстанға осы Үкіметке. Сол көбісінің құжаты дұрыс емес. Келісімге отырмаған. Еңбек келісім-шарты жоқ.
Жалпы тәртіп сақшылары келімсектерді ғана емес, тұрғындардың тіркеуде бар жоғын да жаппай тексеріп жатыр. Оның үстіне осы тіркеуге қатысты ереже шыққалы жаңа бизнестің түрі де кеңінен етек жайған. Яғни, пәтері барлар баспанасына ақылы түрде 100 адамға дейін тіркейді. Енді бұлар жаппай жазаға тартылмақ.
Софья Қылышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
-Әсіресе, пәтер иесіне қатысты. Олар қылмыстық жауапкершілікке тартылса, ал бір жерде тіркеліп,екінші жерде тұрып жатқандарға қатысты әкімшілік жаза қолданылады. Ол 7 а.е.к дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Ал, уақытша тіркеусіз жүргендерге полицейлер бас салып бірден айыппұл салмайды. Ереже бұзса бір ай уақыт бермекші. Оған да үлгермесе 16 мың теңге төлеуге міндеттеледі.
Жалпы мұндай тексерулер тек Елордада жүргізіліп жатыр. ЭКСПО-ға орай өтіп жатқан ауқымды шара ай соңына дейін жалғасады. Сөйтіп, күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен тәртіп сақшылары көрмеге дейін қаланы заңсыз мигранттардан тазартып, жұртты тіркеуге тұрғызбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!