Ақтөбеде 7 жасар қызды өгей шешесі өлімші етіп сабап тастады
Онымен қоймай бүлдіршінді қараңғы бөлмеде қамап ұстапты. Бірінші сыныпта оқитын Кристинаға туған әкесі де араша түспей, керісінше әйелінің мұндай жауыздығын жасырмақ болған. Әйтеуір, көршілерінің арқасында бала аман қалды. Қазір басынан ауыр жараланған Кристина ауруханада жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.05.2017
7 жасар Кристинаның денесі ит талағандай. Көгермеген жері қалмапты. Қос жанары қанталап, беті білеуленіп ісіп кеткен. Бұл өзге емес, бір шаңырақта тұрып жатқан өгей шешенің көрсеткен қорлығы. Адуынды әйел баланы аяусыз ұрып-соғып, қараңғы бөлмеге қамап қоятын болған.
Кристина Шустер, оқушы:
-Әке-шешемнен қорқамын. Олар мені ұрады. Олардан құтылғаныма қуанамын. Өгей анам «сабағанымды ешкімге айтпа, айтсаң аямаймын» деді. Мен енді үйіме қайтып барғым келмейді.
Үнемі күліп жүретін Кристина соңғы бір айда ауладан көрінбей кеткен соң көршілері алаңдай бастаған екен. Ал өгей шешесі үнемі ауырып жатыр деп жауап беретін болған. Күдіктері сейілмеген көршілер ақыры тәртіп сақшысына хабарлапты.
Александра Бевзенко, көршісі:
-Аулаға шығып ойнайтын еді, соңғы кезде мүлдем шықпайтын болды. Сабақтан қайып келе жатқанда ғана байқап қаламыз. Бірақ бүгежектеп, бұрынғыдай сөйлемейді.
Сөйтіп, шақыртумен келген тәртіп сақшылары таяқтан әбден әлсіреп, шалажансар болып жатқан Кристинаны пәтерінен тауып алған.
Қазыбек Адайбаев, учаскелік инспектор:
-Қызды үйінде жазалап жатыр деген хабар келді. Сол бойынша қызметтік міндетімізді атқардық. Сұрастырып тексеру барысында қызды үйдің ішінен, шкафтың ішінен шығарып алдық.
Қазір қыздың әкесі Владимир Шустер мен өгей шешесі Әсел Дүйсенбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Қаладан шықпау туралы қолхат алыныпты. Дегенмен, бүгін келген тәртіп сақшысына да олар тағы есік ашпай қойды.
Қаршадай ғана Кристина туғалы қиындықтан көз ашпай келеді екен. Туған анасы кішкентайында жетімдер үйіне өткізіп, әкесі кейін қайтарып алған. Бірақ қайтарғаны бар болсын, нағыз тозақтың ортасына тап болғандай өмір сүрген. Енді ауруханадан шыққан соң балаларды уақытша оқшаулау орталығына жіберіледі. Егер сот әкесін құқынан айыратын болса, Кристина жетімдер үйіне қайта оралады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!