Экологтар уран қорын сақтайтын қойманың қаупі туралы айтты
Еліміздегі уран сақтайтын халықаралық қойма 2 айдан кейін жұмысын бастайды. Осы үшін Қазақстанға арнайы келгелі жатқан МАГАТЭ мүшелері Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының жанынан салынып жатқан уран банкін ресми түрде ашпақ. Энергетика министрлігі әлемдегі артық уранды сақтайтын қойманың қоршаған ортаға еш зияны жоқ деп сендіруде. Алайда, экологтар апат болса, банктің адам өміріне аса қауіпті деп дабыл қағып отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
15.05.2017
-Әлемдегі артық уранды сақтайтын қойма құру туралы Үкіметтің өзі 8 жыл бұрын ұсыныс жасаған болатын. Сөйтіп, шенеуніктер Семей мен Өскеменнен арнайы жер де бөлді.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ұзақ ойланып, ақыры Үлбі металлургия зауытының жанынан банк құруға шешім қабылдайды. Енді бірнеше айдан соң еліміздің шығысындағы сол қоймаға әлемнің түкпір-түкпірінен 90 тонна байытылған уран келеді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Бұл әлемде теңдесі жоқ жоба. МАГАТЭ-ге мүше елдердегі атом электр станцияларын ядролық отынмен қатамасыз ету үшін құрылды. Қазір қоймадағы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Тамызда МАГАТЭ мүшеренің қатысуымен ресми ашылуы болады.
Уран Қазақстанға арнайы контейнерлермен тасымалданады. Шенеуніктер мұны радиоактивті қалдықпен шатастырмау керек дейді. Яғни, ол қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына қауіпті емес деп сендіруде. Дегенмен, мамандардың пікірі басқа.
Мұсағали Дуанбек, эколог:
-Өзі қатерлі зат қой. Ол жолда келе жатқан кезде апат болуы мүмкін. Көлік аударылуы да ықтимал. Оның қауіпсіздігін бақылау үшін үлкен күш керек.
Қойма Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің меншігінде болады. Экспорт, импорт, қауіпсіздік пен бақылауға да осы ұйымның өзі жауапты. Жобаға АҚШ, Бірікке Араб Әмірліктері, Кувейт пен Еуроодаққа мүше мемлекеттер қаржы салған. Бұл қоймадан Қазақстанға бір тиын да пайда жоқ. Тек болашақта атом электр станциясына арнап отын өндірсек, МАГАТЭ қолдау көрсетеді деген үміт қана. Ал банктегі уран әлемде тапшылық болған жағдайда ғана пайдаланылады. Бірақ, әзірге уран дефицит емес, керісінше, оның көлемі сұраныстан артық болып отыр. Салдарынан аталған металлдың бағасы төмендеп кеткен. Тіпті былтыр еліміз уран өндіру көлемін 22 мың тоннаға қысқартуға мәжбүр болыпты.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Уранның бағасы әлемдік нарықта 40 пайызға төмендеп кетті. Сондықтан қаңтар айында тиісті шешім Үекімет қабылдады. Биыл Қазақстанның уран өндіретін компаниялары уран көлемін 10 пайызға азайтты.
Яғни, Қазақстан уран көлемін азайту арқылы әлемдік бағаға әсер етіпті. Ал соңғы кзде бағасы түсіп жатқан мұнайға қатысты Үкімет әлі нақты шешім қабылдамаған. Қара алдын өндірісін қысқарту оңай болмайтын сияқты. Дегенмен, бұл мәселені Энергетика министрлігі мамырдың соңында өтетін ОПЕК-тің жиынында талқыламақ.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
-Қашаған кен орнында мұнай өндіру оңай емес. Инвесторлар миллиардтаған инвестиция салды. Ол кен орны тиісті деңгейге шығайын деп отыр. Осы айдың 24-25-не Венада болатын отырыстарда бұл мәселені талқылайтын боламыз. Содан кейін өз позициямызды айтамыз, шешім қабылдаймыз.
Бұған дейін мұнай экспорттаушы мемлекеттер өндірісті 3-4 пайызға қысқарып, бағаны сәл де болса көтерген екен. Енді бұл жолы барлығы бірдей оңай келісе қоймайтын сыңайлы. Өндірісті қысқарту экономикасы қара алтынға тікелей байланысты Қазақстанға да тиімсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!