{metadescription}
Қызылордада мұржа астында жаншылып қалған жұмысшыларға қатысты жаңа дерек шықты
Қызылордада мұржа астында жаншылып қалған жұмысшыларға қатысты жаңа дерек шықты

Қызылордада мұржа астында жаншылып қалған жұмысшыларға қатысты жаңа дерек шықты

Қызылордада жылу қазандығының мұржасы басып қалған екінші жұмысшының мәйіті табылды. Оны құтқарушылар күні бойы иісшіл иттермен іздеп, үйінді астынан аршып алды. Қиранды басып қалған тағы бір азамат қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ал оқыс оқиғаға қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп. Өйткені «Қызылорда жылу электр орталығы» қаржының жоқтығын желеу етіп, ескі мұржаны бұзуға тәжірибесіз адамдарды жалдапты. Тіпті атқарылған жұмыстың ақысына құрылыс қалдықтарын бермек болған.  

50 жылдан бері қаңырап тұрған мұржа - бұзып жатқан кезде оқыстан опырылып кетіпті. Осы сәтте үйінді астында екі адам қалып қойған. Біреуі дер кезінде шығарылып, ауруханаға жеткізілген. Ал екінші жұмысшының денесі тек тоғыз сағаттан кейін табылды. Бетонға жаншылып қалған Тұрақ Бақановтың мәйітін 60 құтқарушы иісшіл иттермен әрең анықтапты.  

Бақтияр Тұрманов, Қызылорда облыстық ТЖД бөлім басшысы:

-Иттердің көмегімен  жатқан жерін анықтадық. Сол жерде техникалармен, қолда бар күрекпен жұмыс істедік.

Оқыс оқиғаға жұмысшылардың тәжірибесіздігі себеп болған. Өйткені нысанды бұзумен айналысқан компания бұрын соңды-мұндай биік мұржаларды құлатып көрмеген. Ал тапсырыс беруші «Қызылорда жылу электр орталығы» білікті мамандарды жалдауға қаржы болмады дейді. Сондықтан 80 метрлік мұржаны құлатып беру үшін «Алтын ЛТД» компаниясымен келісім жасап, атқарылған жұмыстың ақысын құрылыс қалдықтарымен төлеуге уағдаласыпты.

Бауыржан Мадрайымов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры:

-Мұржаны бұзып берейік деп өздері сұрады. Ақысына құрылыс қалдықтарын беруге келістік. Өйткені ішіндегі арматура қып-қызыл ақша. Бізге де тиімді. Қоқыстан да құтыламыз деп ойладық.

Үйінді астында қалған екінші жұмысшы қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оған ота жасалған. Жағдайы қалыпты дейді дәрігерлер. Ал алып мұржа басып қалған марқұмның денесі туған жері Қармақшы ауданына жеткізілді. Қазір мердігер мекеме апаттан қаза тапқан азаматтың отбасына өтемақы төлеу мәселесін қарастырып жатыр.

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде