Атышулы Алғабастың үйлері тағы қисая бастады
Алматының атышулы Алғабасында енді жұрттың тұрғысы жоқ. Мұнда былтыр сыр бере бастаған үйлер едәуір қисайып, ал компания оны тағы да жөндеуге кіріскен. Тұрғындар өздерін қауіпсіз жерге көшіруді өтініпті. Алайда бас мердігер бұл жолы да адамдардың сөзіне құлақ аспаған.
Автор: Аруна Ортай
16.05.2017
-Атышулы Алғабас ықшамауданында тағы да қарқынды құрылыс. Қос үйді қоршап алған құрылысшылар қабырғасы қисайған үйлердің іргетасын нығайтып жатыр. Тіпті 9 қабатты тұрғынүйдің ішінде тұрғындар түгел тұрып жатқанына қарамастан, алып техника үйдің түбін қопарып қазуда.
Бастапқыда тек бір үйің ғана түбі бекітілуі тиіс болыпты. Алайда оның бітуі сол екен, бұрғының екпініне шыдас бермеген қасындағы екеуі артынша қисайып шыға келген. Алғабастың үйлерімен алысып әлі біте алмай жатқан мердігерлердің де әбден мезі болғаны көрініп тұр.
Уәлихан Естемесов, ЖШС директорының орынбасары:
-Жұмысқа кіріскенімізге 10 күндей болды. Қазір сол орнына қояйық деп жүрміз ғой. Қалпына келтіру жұмыстары жоба бойынша.
Үйді дұрыстап жатқандардың айтуынша, су жаңа баспана 27, кей жерінде 28 сантиметрге дейін артына қарай ауытқыған. Мұны естіп алған алғабастықтар есінен тана жаздады.
Зәуреш Әбдіқожақызы, Алматы қаласының тұрғыны:
-Бұл үйден көшіру керек. Бір күні жермен жексен боламыз деп қорқып отырмыз.
Мұнда қорықпайтын тек «Астана-құрылыс» компаниясы сияқты. Бір емес, салған бірталай үйі орнынан қозғалып жатса да, тек кешірім сұраумен құтылып жатыр. Ал құрылысшылармен бірге бір есіктен кіріп шыққан тұрғындар өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұраған. Алайда олардың сөзіне ешкім құлақ асар емес.
Уәлихан Естемесов, ЖШС директорының орынбасары:
-Адамдар тұрып жатқанда бұндай жұмыстар жасауға болмайды. Бірақ бұл сұрақтар бізге қатысты емес.
Тіпті, бала-шағаның бары да тоқтам болмай тұр. Керісінше, құрылысшылар аулаға қойылған ауыр техникамен жерді тескілеп әлек. Ал жұрттың аяқ астына цемент құйылып, шаңы адамдардың киіміне жұғып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!