Интернетте тест жауаптары саудаланып жатыр
Елімізде ҰБТ өтпей жатып оның дұрыс жауаптары саудаланып жатыр. Тек оның 20-маусымда басталатын тесттегі сауалдармен сәйкес келетініне ешкім кепілдік бермейді. Бірақ интернеттегі алаяқтарға сенген аңғал ұл-қыздар бұған қарап жатқан жоқ. Ал Білім министрлігі осы дерек бойынша, Ішкі Істер министрлігіне шағымданып үлгерді. Себебі сынақ сұрақтары мемлекеттік құпияға жатады.
Автор: Досжан Маратұлы
16.05.2017
Сынаққа тура бір ай қалғанда ҰБТ-ның жауаптары қызу саудаланып жатыр. Тіпті, пысықайлар бұрынғыдай қағаз шпаргалкаларды емес, ұялы телефонға арналған қосымша да жасаған. Сұрақ пен жауапты топтастырып, кішігірім бизнес ашқандар оны әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық саудалауда. Бағасы небары мың жарым теңге.
-Маған киви терминалға ақша саласыз. Түбіртекті суретке түсіріп жібересіз. Кейін сізге бағдарламаны жүктеп алуға мүмкіндік беретін сілтеме жіберемін.
Яғни, сол сілтеме арқылы орнатылған қосымшада базадағы барлық сұрақтың жауабы болады екен. Бірақ оның рас өтірігі әзірге белгісіз. Мұны алаяқтар ақша табу үшін әдейі ойлап тапқан болуы мүмкін.
Тұрақты Ынтымақов, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
-Көп жағдайда олар алаяқтықпен айналысады. Өйткені сіз ол адамдарды көрмейсіз. Бірақ ақшасын төлейсіз. Олардың ойы қалтасын қампиту.
Десе де Білім министрілгі ҰБТ жауаптары алаяқтардың қолына түскен түспегенін анықтау үшін Ішкі Істер министрлігіне арызданған. Қазір полиция тексеруді бастап кетті.
Ал, тест жауаптарын саудалағандар болса, осы даудан кейін зым зия жоғалып кетті. Ұялы телефондарын өшіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларын да дереу жауып тастаған. Ұлттық тестілеу орталығы болса, биыл сынақ тапсыратын 100 мыңға жуық түлекке алаяқтарға алданбай, өз күштеріне ғана сенуге кеңес беріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!