Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандар шенеуніктерден көмек сұрады
Айтуларынша, ой-шұңқыры көп аулада жүріп-тұруы қиындаған. Расымен де, 90-шы жылдары алпыс шақты мүгедекке берілген көпқабатты 3 үйді атқамінерлер естен шығарған сияқты. Өйткені, қалада соңғы жылдары талай аула жөнделгенімен, тек осы зағиптар тұратын жер ұмыт қалған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
18.05.2017
Қолындағы таяғына ғана сенген соқырлар үшін шұрық тесік аулада жүру қиын. Тас-талқаны шыққан табалдырықтан аттап үйге кіріп-шығуға да жүрек дауаламайды дейді. Талай сүрініп жығылып, мертіккендер де бар екен.
Михаил Оладько, бірінші топтағы мүгедек:
-Ауланы 2000 жылдың басында жеңіл желпі жөндеген болған. Ол асфальттан келер жылы түк қалған жоқ. Енді ешкімге керек емеспіз. Бәрі бізден теріс айналған сияқты.
Көзі көрмейтін азаматтарға кезінде Зағиптар қоғамына маңнан ғимарат берілген. Онда түрлі мәдени шаралар өтіп тұрады. Тігін цехы мен арнайы кітапханасы да осында. Бірақ соқырларға соған барып келудің өзі қиын. Дыбыстық бағдаршам бар, бірақ оған жету мұң.
Мария Тәңірбергенова, Ақмола облыстық Зағиптар қоғамының төрайымы:
-Бұл – көптен келе жатқан түйткіл. Талай әкімдікке де, жол полициясына да айттық. Не аялдама маңы жөнделмеді.
Сәуір айында коммуналдық қызмет дәл осы көше бойындағы ағаштарды кескен. Енді сол бұтақтар жолды бөгеп, әлі тау боп үйіліп жатыр. Бұл мүгедек жандар үшін жығылған үстіне жұдырық болды.
Көктем шығысымен Көкшетауда жолдар мен аулаларды жөндеу басталды. Мүгедектер сол биылғы жөндеуге ілігерміз деп үміттенген. Алайда тегіс аула зағиптарға бұл жолы да бұйырмайтын сияқты.
Елена Суханова, «Көкшетау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы» ММ бас маманы:
-Биыл 20 аула жөнделеді. Бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Өкінішке орай, Зағиптар қоғамының ауласы бұл тізімде жоқ. Өйткені, депутаттардан ұсыныс түспеді.
Енді зағиптардың бұл мәселенің келесі жылы қаралуын күтуден басқа амалы қалмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!