{metadescription}
Шымкентте жарықсыз қалған тұрғындар аудан әкімдігіне басып кірмек болды
Шымкентте жарықсыз қалған тұрғындар аудан әкімдігіне басып кірмек болды

Шымкентте жарықсыз қалған тұрғындар аудан әкімдігіне басып кірмек болды

Шымкентте бүтін бір ауыл бірнеше күннен бері жарықсыз отыр. Қалаға қосылғанына бірнеше жыл болған Бозарықтың қуат көзі жекеменшік кооперативте қалып қойған. Әр киловатт үшін өзгелерден онсыз да 10 теңгеге қымбат төлейтін тұрғындардың төлемі жарық беруші компанияға жетпей қалыпты. Олар бұған ауылдағы саяжай кооперативін кінәлайды. Құзырлы орындарға шағымданғанымен еш нәтиже жоқ. Тас түнекте әбіржіген жұрт бұл жолы әкімдік алдына жиналды.

Аудан әкімдігінің алдына жиналған Бозарық ауылының тұрғындары үйлерін тастап, осында біржола көшіп келуге дайын. Өйткені мұнда жарық бар. Ал өз баспаналарында жарықты 4 күн бұрын қарызсыңдар деп өшіріп кетіпті. Ал әр айға артығымен төлеген қағаздарын көрсеткен жұрт себебін түсінбей дал.

Клара Байділдаева, Бозарық ауылының тұрғыны:

-Айма-ай төлейміз. Кейде алдын-ала төлеймын.  Ешқандай ұрыс-керіс, жанжал болмасын деп.

Бозарықтағы 67 шаңырақты жарықпен қамтып отырған трансформатор саяжай кооперативінің иелігінде. Тұтынған энергияның өтеуін жұрт саяжай кооперативінің төрайымына беріп, ол жарық беруші компанияға төлеу керек болған. Сол ақша компанияға жетпепті. Ал жұрт ақшаны алды деген кооперативтің бұрынғы төрайымы Валентина Испанова қаржыны тиісті жеріне тапсырдым деп отыр.

Валентина Испанова, саяжай кооперативінің бұрынғы төрайымы:

-Кооперативте табаны күректей 16 жыл жұмысымды мінсіз атқардым. Ешқандай кінәм жоқ. Ақшаның қайда кеткенін кооперативтің қазіргі өкілдерінен сұраған дұрыс болар. Мені ақыры тергесін деп жатыр ғой. Кіріс-шығыс қазаздарын көрсін. Қорқатын түгім жоқ.

Бозарық тұрғындарымен бұрынғы төрайым сөз таластырып жүргенімен жарықтың қосылатын түрі жоқ. Кімнің кінәсі болса да жарық беруші мекеме қарызды қайтармай бір минут та электрді бермейміз деп отыр.

Қанат Әбіл, «Энергопоток» компаниясының инженері:

-Соңғы 5 айда 10 рет қосқанбыз. Қосқан кезде 10 күнге уақыт алатын қарызымыздан толық құтыламыз деп. Уақытша қостырады. Бірақ өздерінің уәдесінде тұрған жоқ. Қарыз әлі қалып жатыр. 500 мыңнан асатын. Қазіргі таңда қарызы 518 мың теңге.

Жарықсыз отырған жұрттың қарызын әлдекімнің өтеп беруі екіталай. Десе де бозарықтықтар ешкімге берешек емеспіз деп отыр. Олар құзырлы орындар істің ақ-қарасын айырып, қарызды кінәлінің мойнына ілеріне сенімді. Алайда прокурорлар халыққа әлі жауап та бермепті. Ал құзырлы орындар аралспайынша, Бозарыққа жарықтың берілуі де неғайбыл.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде