{metadescription}
Қаржы министрлігі бюджет ақшасын тиімді игермеген мекемелерді шетінен сотқа беріп жатыр
Қаржы министрлігі бюджет ақшасын тиімді игермеген мекемелерді шетінен сотқа беріп жатыр

Қаржы министрлігі бюджет ақшасын тиімді игермеген мекемелерді шетінен сотқа беріп жатыр

Өйткені, мемлекеттік мекемелер былтыр тағы 36 миллиард теңгені сауатты жұмсай алмаған. Қара тізімде біраз министрліктер бар. Тіпті ұлттық компаниялар бюджеттің миллиардына қол жеткізіп, оны депозитке салып қоюды әдетке айналдырыпты. Сондықтан бүгін Есеп комитетінің төрағасын қыспаққа алған депутаттар теңгенің қадірін білмейтіндерге, ақша бөлуді тоқтатуды талап етті.

Шенеуніктер жылда депутаттарға ауқымды жоспарларын көрсетіп, бюджеттен миллиардтаған теңге бөлгізеді. Бірақ, оны жұмсау да өнер. Ал қыруар қаржыны ұқсата алмағандардың аты төменгі палатада аталды. 

Еліміздің бас қаржыгері батылдық таныта бастағандай. Бүгін қазына ақшасын рәсуа қылған ведомствалардың әбден шаңын қақты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Игерілмеген 36 миллиард теңгенің 29-ы Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Әріқарай 1 миллиардтты  Ішкі істер министрлігі мен  Білім  министрлігі игере алмады.Әр министрлікпен жұмыс істеп жатырмыз.

Мемлекет қаржысын игере алмаған шенеуніктер енді сот алдында жазаланады. Қазір 50-ден астам атқамінер жауапқа тартылыпты. Олардың ішінде Ауыл шаруашылығы, Сыртқы істер, Әділет министрліктері де бар.  Қара тізімді Қорғаныс министрлігі бастап тұр. Әскерилер 29 миллиард теңгені пайдаланбай, қазынаға қайтарып берген.

Талғат Мұхтаров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

-Бұл қаржыға Ресейден әскери ұшақ сатып алатын болғанбыз. Бірақ, ұшақтың бағасы бірден қымбаттап кеткен соң, одан бас тарттық. Ал министрліктегі өзге де қаржылық заң бұзушылықтарға, қарыздарға қатысты сотқа арыз түсірдік.

Ал 1 триллионнан астам теңге сауатты жұмсалмаған болып шықты. Яғни, мемлекеттік мекемелер тапсырысты орындаушы компаниялардың шотына алдын ала қаржы аударған, құжаттары қате, қала берді жоспар уақытылы орындалмаған. Арнайы тексеріс жүргізген Есеп комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де олқылық тапқан. Бүгін депутаттардың алдында алғаш рет баяндама жасаған жаңа төраға ол былықтар жайлы ашып айтпады.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Есеп комитетінің төрағасы:

-Үкімет есебіне құпия бөлік те бар.  Ол 5 мемлекеттік органдағы және Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі аудиторлық шараны бағалау нәтижелерін қамтиды. Сыртқы істер министрлігі жүргізілген аудит нәтижелері көрсетілген.

Депутаттар Ұлттық холдингтерге де қатты шүйлігіп отыр. Былтыр квазимемлекеттік секторға 323 миллиард теңге бөлінген. Алайда, оның 113 миллиарды шоттарда бос жатыр екен.

Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:

-«ҚазАгро» - 2 миллиардтай ақшаны жұмсамаған. «Қазақстан Темір Жолы» бар - 7 миллиард, «Білескен химия компаниясы» бар -  21 миллиард, «Қазтелерадио»  бар - 8 жарым миллиард. Менің ойымша, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаражат бөлуді  қысқартуымыз керек.

Сондықтан, мәжілісмендер ұлттық холдингтерге бөлінген миллиардтарды қайтарып алып, ауыз сумен қамтуға арналған жобаларды қаржыландыруды ұсынды. Ал ірі компанияларға бюджеттен ақша бөлуді мүлдем тоқтатуды талап етті. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде