{metadescription}
Көлік прокуратурасы «Бек Эйр» компаниясымен арадағы дауға түсініктеме берді
Көлік прокуратурасы «Бек Эйр» компаниясымен арадағы дауға түсініктеме берді

Көлік прокуратурасы «Бек Эйр» компаниясымен арадағы дауға түсініктеме берді

«Бек Эйр» әуе компаниясы үлкен даудың ортасында қалды. Ақау шығып, Астана әуежайына қонған ұшақтың Алматыға жөндеуге ұшуына рұқсаты болғанына қарамастан, прокурорлар мен полицейлер экипаждың жолын бөгеген. Ал түн ортасында тәртіп сақшыларымен жаға жыртысқан компания басшысы оларды күш қолданды деп айыптап отыр. «Бек эйр» басшылығы полицейлердің тіпті ұшақтың сатысын сындырғанын айтады.

Түнгі рейспен Астанадан Ақтөбеге бет алған ұшақтың шассиінен ақау шығып, борт әуежайға қайтып қонуға мәжбүр болыпты. 108 жолаушысын басқа ұшаққа отырғызып, жөндеуге бармақшы болған экипажды полиция мен көлік прокуроры жабылып жүріп тоқтатқан.

-Ұшақты қиратасыңдар сендер...

Бос ұшақтың ішінде халық қаһарманы, ұшқыш Дмитрий Родин де отыр. Авиаоқиғаларды тергеу басқармасынан жолаушысыз Алматыға барып жөнделуге рұқсат алған экипажға тәртіп сақшылары қарсылық көрсетіп, тіпті ұшақ иесі Нұрлан Жұмасұлтановты борттан сүйреп шығармаққа әрекет жасаған. Мынау сол жанжал болған «Фоккер 100» ұшағы. Түннен бері әуеге көтеріле алмай Астана әуежайында қаңтарылып тұр.

Нұрлан Жұмасұлтанов, "Bek Air" АҚ басқарма төрағасы: 

-Бізде әуе рейсінің кешігуін немесе ұшақтың қайта айналып қонуын тәптіштеп тергеуге құмар. Тергеуді авиация үшін жауапты орган жүргізсе жарайды, міндеті сол. Менің түсінбейтінім ол жерде ешқандай қылмыс болмаса прокурорлар мен полиция неліктен авиация ісіне араласады.

"Бек Эйр" отандық тасымалдаушылар арасындағы билет құны ең төмен, қалта көтерер жалғыз әуе компания екенін айта кетейік. Ал көлік прокуратурасы арнайы комиссия құрылмай, ұшақты жолдан қалдырғанын мойындады.  Алайда ведомство адамдардың қауіпсіздігін ойлап, апаттың алдын алуға тырыстық деп ақталды.

-Заңға сәйкес, әуе кемесін жөндеуге жіберуге рұқсатты арнайы комиссия береді. «Bek Air»-ге қатысты дерек тергеуді талап етеді. Осыған орай, оқиға кезінде арнайы комиссия құрылмағанын, әуежайға құзырлы органдардың келмегенін ескере отырып, Әуедегі көлік прокуратурасы адамдардың қауіпсіздігін ойлап, ақауы бар ұшақтың әуеге көтерілуіне рұқсат берген жоқ.

Енді "Бек Эйр" басшылары сақшылардың түнгі операциясынан тиген зардапты есептеп, шағым бермекші. Бір ұшақтың бірнеше миллион долларға тартатынын ескерсек, шығын да қомақты болмақ.

Ал «Бек Эйр» ұшағынан шыққан ақауды Желілік ішкі істер бөлімі апатты жағдай деп танып, әуе кемесінқолдану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу  дерегі бойынша тергеуді бастап кетті. Әуе компаниясы басшысы  мен тәртіп сақшыларының арасындағы кикілжің де бөлек қаралмақ. Дегенмен бұл оқиғада кімнің шалыс басқанын Инвестициялар және даму министрлігі жанынан құрылған комиссия анықтайтын болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде