Семейде саяжай тұрғындары төрайымдарын орнынан қуа алмай жүр
Айтуларынша, ол «Семей. Мұрат. Сенім» деген атаумен қоғамдық ұйым құрып, өзін-өзі сайлап алған. Енді оған мүшелікке өткісі келмеген жұрттың жарығын қиып, құтын қашырып жатыр екен. Оның үстіне әр 3 ай сайын қоғамдық ұйымға 5 мың теңге төлеуге міндеттепті. Ал, төрайымның өзі барлығы заң шеңберінде деп отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
19.05.2017
Бүгінде бұл жердің саяжай деген аты ғана қалған. Өйткені жұрт қысы-жазы осында тұрады. Сол тұрғындар саяжайға басшылық ететін қоғамдық ұйым төрайымынан қысастық көріп отырмыз деп наразылық білдірді. Айтуларынша, Светлана Кругляченко өз ұйымына мүшелікке өткісі келмейтіндердің бірден жарығын қияды. Тіпті жаңадан көшіп келгендерге де өзінше заң шығарыпты.
Еркебұлан Бердіқожин, Семей қаласының тұрғыны:
-Міне, мен 19-шы номерді алдым. Соны қосуға 45 мың теңге сұрап отыр. Мен келісім-шартқа қол қоймадым. «Сен қол қой»,- дейді. Мен неге қол қоюым керек? Мен ақша төлесем ғана жарық алалады екенмін. Барлығы өз атымда, қарызым жоқ болса да.
Наразы топқа қарсы аталмыш ұйымға мүше тұрғындар да жиналды. Басқару ісін біреу қолға алғаны жөн дейді олар. Себебі, кезіндегі саяжай кооперативі қазір жарамсыз, құрдымға кеткен. Ал ұйымға кіргісі келмегендердің бұл уәжге тоқтағысы жоқ. Олар электр қуатын ажыратуды қасақана жасалған қысым деп отыр.
Құралай Бақытбекқызы, Семей қаласының тұрғыны:
-Соттың шешімі бар. Қолдарында жарық қиылмасын деген қағаз бар. Прокуратураның сөзін керек те қылмайды. Ешкім қарамайды.
Жұрт қоғамдық ұйымға әр үш ай сайын төлейтін 5 мың теңгелерінің қайда кететінін де білмей дал. Себебі, бүгінде олардың салық басқармасы алдындағы берешектері өсімімен қоса есептегенде 14 млн теңгеге жетіпті. Бұған да жаңа төрайымның өз уәжі бар.
Светлана Кругляченко, «Семей. Мұрат. Сенім» қоғамдық ұйымының төрайымы:
-14 млн. теңге қарыз – салық коммитетінің соңғы мәліметі. Ал өсім ай сайын қосылып жатыр. Ол 2013 жылы 6 жарым млн. теңге болған еді. Бұған біздің еш қатысымыз жоқ. Бұл – бұрынғы копперативтен қалған қарыз.
Мұндағылар тұрғындардан жиналған қаражат арқылы жұмысшылардың жалақысы төленетінін мәлімдеді. Өйткені ұйымға саяжай үшін қажетті мамандар алыныпты. Тіпті күзет те жолға қойылған екен. Бірақ оны тексеруге жергілікті әкімдік дәрменсіз көрінеді. Ондағылар копперативтердің өздеріне тәуелсіз екенін жеткізді. Енді саяжай тұрғындары құқық қорғау орындарына шағымданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!