Ақмола облысында көктемгі егіс үлкен даумен басталды
Атбасар ауданында егістік алқапқа таласқан екі шаруа қожалығының өкілдері бір-біріне жол бермей, науқанды тоқтатып қойды. Талас тудырған 7 мың гектарға «Садовый-1» және жаңадан құрылған «Баракат Агро» серіктестіктерінің екеуінің де тиісті құжаттары бар болып шықты. Қазір қырман басын қырғи-қабақ болған екі жақ ешқайда кетпей, күзетіп отыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
19.05.2017
-Даурығып егістік алқапқа таласқан 2 серіктестік ерегісіп осында тұрғалы төртінші күн. Олар не болса да бір-біріне егін сепкізбейміз деп тұр. Осылайша шуылдасып жүргенде тіпті техниканың астына түсіп те қала жаздаған. Бүгін олар осында түнеп қалмақшы.
Егістікке таласып, текетіреске түскен «Садовый-1» және «Баракат Агро» серіктестіктері. Соңғысы 205 адам болып 7 мың гектар жермен «Садовый-1-ден» бөлініп шығыпты. Өткен қыркүйек айында ғана тіркеліп, жер актісі мен тиісті құжаттарды қолына алған. Енді егіске кірісеміз дегенде, алқапқа ескі құжаты заңды күшін жоймаған бұрынғы иелерінің техникасы шығып, егін себе бастапты. Осыдан соң текетірес басталған.
Қырманға келіп техниканың алдын кес-кестеп қырылып қала жаздаған жұрт, екі шаруашылықты бұндай жағдайға әкелген әкімдіктің әрекетін түсінбей дал. Бәрінің көкейінде «бір жерге екі рет құжат неге берілген?» деген сұрақ. Әбден ашуға булыққан олар егіс басына аудан басшыларын шақырып, ортаға алды.
Юрий Козырев, Садовый ауылының тұрғыны:
-Өз серіктестігімізді құрдық. Бізге қол қойып жер актісін бердіңіздер. Сіз, аудан әкімі, өзіңіз бердіңіз ғой?
Андрей Никишов, Атбасар ауданының әкімі:
-Сіздер бізге жерге қатысты жалпы жиналыстың хаттамасымен келдіңіздер. Біз соған сай заңды шешім қабылдадық.
Десе де, әкімдік жаңа серіктестікке құжаттарын түгел заңдастырып бергенімен, бұрынғы компаниядағы ескі құжаттардың күші неге жойылмағаны түсініксіз күйінде қалды. Ал әзірге бұл жерге егін себуге ешкімнің рұқсаты жоқ. Сот екі жақтың да келісім-шарттарын уақытша тоқтатыпты. Алайда, даудың нүктесі қашан қойылары, егін қашан себілері, қос-қабат құжат жасағандардың жазасы қандай болары да белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!