Оңтүстік Кореяға қыдырып барған отандастарымыз әуежайдың жертөлесінде қамауда отыр
Оңтүстік Кореяда бір топ отандасымыз тағы тұтқынға түсіп қалды. Елу шақты азаматты әуежай қызметкерлері бірден жертөлеге түсірген. Бірақ не үшін ұстағандарын ешкімге тәптіштеп түсіндірмепті. Тек ұшақтан түскен бойда сұрақ-жауаптың астына алып, тар жерге қамап қойған. Әрқайсы әртүрлі шаруамен барған қазақстандықтар осылайша 5 күннен бері жіпсіз байланып отыр.
Автор: Диас Нұрақын
19.05.2017
Инчхон әуежайында жатқан бұл отандастарымыз Оңтүстік Кореяға әртүрлі шаруамен барыпты. Бірі саяхаттап, екіншілері жұмыспен, қалғандары жұмыс іздеп аттанғандар. Жергілікті шекарашылар оларды ұшақтан түскен бойда ұстап, жертөлеге қамап тастаған. Тіл білмейтін Қазақстан азаматтары тілмаш та таба алмай, бірнеше күннен бері аш жатырмыз дейді.
Жасұлан Әнуарбаев:
-Тек кәріс тілінде сөйлесіңдер дейді. Тілмаш жоқ болғандықтан тамақ сұрап іше алмай отырмыз. Біраз жігіттер ауырып жатыр. Күніне аздаған сусын мен жарты нан береді, болды.
Жат елдің жертөлесіне қамалған отандастарымыз сол жақтан қонақ үйге тапсырыс беріп, қайтар билеттерін де алған екен. Бірақ 5 күннен бері қамауда қалып, шаш етектен шығынға баттық деп шырылдап отыр.
Хандамир Құдіретов:
-Барлығымыз қонақ үйдің ақшасын төлеп қойғанбыз. Сақтандыру құжаттарымыз бар. Жеке басым Кореяны көруге келген едім. Бірақ қазір жертөледе жатырмыз.
Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда тек 16 азаматтың барын растады. Қазір олардың мәселесімен сол жақтағы елшілер айналысып жатыр екен.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жат елде жіпсіз байланған отандастарымыз миграциялық заңды бұзғаны үшін Кореяға кіргізілмепті. Сондықтан, олардың бір тобы елге депортацияланған. Инчхон әуежайында әлі үш отандасымыз қалыпты. Олар Қазақстанға ертең қайтарылатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!