Алматыдағы құрылыс нысанында биіктен құлап кеткен жұмысшылардың беті бері қарар емес
Қол-аяғы сынып, миына зақым келген жігіттердің енді жарты жыл бойы емделуіне тура келмек.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.05.2017
Владимир Семенов, Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасы травмотология бөлімінің меңгерушісі:
- Екеуі де жас жігіт. Сынған аяқ-қолдарын тек гипстің көмегімен емдеу мүмкін емес. Сондықтан енді екі науқасты да отаға дайындаймыз. Олардың толықтай сауығып кетуі үшін 5-6 ай уақыт керек.
Зардап шеккен 2 жұмысшы қазір қалалық жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Олар мұнда өте ауыр халде түскен. Ал биіктіктен құлаған үшінші адамның жарақаты жеңіл. Ақ халаттылар оны қарап шығып, үйіне жіберген. Еске салсақ, оқыс оқиға Сейфуллин көшесіндегі құрылысы бітпеген бизнес орталықтарының бірінде болды. 3 жұмысшы жоғарыға көтеріліп бара жатқанда, көтергіш үзіліп кетіпті. Осыған ұқсас жағдай бұдан бір күн бұрын да болған. Ол кезде бір жұмысшы дәл осы нысанға тиіп тұрған «Риксос» қонақ үйінің төбесінен құлады. 41 жастағы ер адам жөндеу жұмыстары кезінде желдің екпінімен төмен құлдилап, жан тапсырған болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!