Атырауда иегова куәгерлерінің қиқуы тұрғындарды шошытты
Діни бірлестікке қатысты дүрбелең! Атырауда иегова куәгерлерінің іс-әрекетінен қауіптенген тұрғындар наразылық білдірді. Өйткені заты болғанымен, сырттай қарағанда, аты жоқ мекеменің қызметкерлері таң атып, кеш батса діни әндер айтып, мазаларын алатын көрінеді. Онымен қоймай балаларды басқа дінге бет бұрғыза ма деген қауіптері де жоқ емес. Ал діни бірлестіктегілер әрекетіміздің бәрі заңды деп отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
23.05.2017
Тұрғындардың үрейін ұшырып жүрген қуыста елеусіз тұрған мына ғимарат. Өзінің атауы да жоқ. Жұрттың айтуынша, жұмбақ ғимаратта аптаның белгілі бір күндері адам көбейіп, діни әуендер орындалады екен.
Райхан Жолмағамбетова, Атырау қаласының тұрғыны:
- Бертін келе кілең қазақтар да көбейіп кетті. Сағат 10-нан 11-ге дейін толып келеді. Үйімізде балалар бар, солар үшін қорқамыз.
Көпшіліктің көзіне күйік болған ғимараттан шыққан мына екі жігіт әуелгіде нақты немен айналысатынын айтпай қойды. Бірақ ақыры киелі кітапты уағыздаушылар екенін мойындады.
Александр Розионов, «Иегова куәгерлері» діни бірлестігінің өкілі:
-Біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз. Барлық құжатымыз да бар. Ешкімге зиянымызды тигізген емеспіз. Ал қауіпсіздік туралы айтар болсақ, тұрғындар бізге тиіскенше, үнемі осы жерде жүретін маскүнемдер мен қаңғыбастарды жөнге салсын. Балаларын да солардан қорғасын. Ал бізден келетін зиян жоқ.
Иегова куәгерлерінің бұл сөзін дін істері басқармасындағылар да растап отыр. Атырау облысында 2009 жылы тіркелген ұйымның қазір 60-қа жуық мүшесі бар көрінеді. Бірақ олардың қызметіне қатысты жауапқа тарту үшін арыз жазып қою жеткіліксіз екен.
Мейрам Қиқымбаев, Атырау облыстық дін істері басқармасының бас маманы:
-Ол үшін бізге міндетті түрде діни бірлестіктің нақты діни әдебиет таратқаны туралы, немесе сіздерге келіп, үйлеріңізге келіп, насихаттағаны туралы нақты ақпарат керек. Дәлелдеме керек, сол кезде оларды жауапқа тартуға болады.
Жұмыс істеп жатқанына 7 жыл болған «Иегова куәгерлеріне» қатысты осы уақыт аралығында бір де бір рет арыз да түспепті. Есесіне, «Жаңа өмір» атты діни ұйымның 3 мүшесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал дін істері басқармасындағылар иеговалардың заңға қайшы әрекеті жоқ деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!