Түркістанда Яссауи кесенесі маңында тұратын жұрт үйлерінің сүрілуіне қарсылық танытты
Түркістанды - туризм орталығы ету идеясының кесірі мұндағы тұрғындарға тиетін түрі бар. Себебі, билік Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанындағы 129 баспананы сүріп тастап, орнына қонақ үйлер мен мәдени орталықтар салмақшы. Ал үй иелері әкімдік ұсынған бағаға келіспей отыр. Сондықтан ешқайсының кеткісі жоқ.
Автор: Бек Әбиев
24.05.2017
Түркістан қаласының бұл бөлігінде тұратын жұртынан бұл күнде маза кеткен. 5 ай бұрын Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі маңындағы 129 үйге үйлеріңнен кетесіңдер деген ескерту келіпті. Ал жылдар бойы тұрған орталықтағы учаскелеріне, нарықтағыдан төмен баға ұсынған.
Ләззат Арынбаева, Түркістан қаласының тұрғыны:
-Комиссия болады деді. Бірақ оларды көрген жоқпыз. Екі-ақ адам келіп, суретке түсіріп кетті. Болды. Әй, сенің бала-шағаң бар, осы ақшаға там сала аласың ба деп сұраған жоқ.
Үй иелеріне жыл соңына дейін босатыңдар деген пәрмен келген. Алайда шенеуніктер бұл маңға не салынатынын айтпапты. Сондықтан халық қаланың қақ ортасындағы 129 үйдің орыны яғни 13 гектар жерді билік түрлі желеумен майшелпек етпекші деп топшылайды.
Сұлтан Дүйсенов, Түркістан қаласының тұрғыны:
-Халықтың үйі бұзылсын деп ақша бөліп жатқан жоқ. Халықты көркейтсін, туризмді дамытсын деп бөліп жатыр. Ал бұлардың ойы жерді инвесторларға сатып жіберу.
Жұрт орталыққа жиналып айғай шығарған соң, басшылардың өздері келді. Бірақ тұрғындар мен әкім-қаралардың әңгімесі жарасқан жоқ. Көпшілік алдына келген әкім орынбасары босаған учаскелер орнына нақты қандай нысандар салынатынын бұл жолы да айта алмай састы.
Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:
-Әзірге ол нақты анықталған жоқ. Ең туризмді дамытуға қолайлы мавзолейдің айналасы. Яғни, халық көп шоғырланған осы жерге. Енді айдалаға апарып салып тастамаймыз ғой.
Осылайша билік пен халық пікірі екіге жарылып тұр. Енді жұрт Түркістанда туризмді дамытуға нұсқау берген Астанадағылардан сауға сұрайды. Тайлы-таяғы қалмай жоғарыға хат жазып жатқан олар арнайы комиссия құрып, Түркістандағы мәселені жіті зерттеуді талап етуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!