Бекетаев азаматтықтан кімдердің айрылатынын түсіндірді
Қазақстанда тұратын адам теракт жасаса, азаматтығынан айырылмайды. Жаңа заң бойынша, тек шетелде жүріп лаңкестердің сапында соғысқандарға азаматтығынан айыру жазасы қолданылады екен. Бүгін Әділет министрі оның жай-жапсарын түсіндіріп берді.
Автор: Жәудір Оразхан
24.05.2017
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
-Сирияда отандастарымыздың да жүргені жасырын емес. Сол шетелде жүрген лаңкестер елімізге келіп, арам пиғылдарын насихаттамас үшін азаматтығынан айырамыз. Яғни, азаматтығынан айырылған соң олар Қазақстанға қайта орала алмайды.
Егер қолға түскен лаңкес Қазақстанда тұратын болса, бұл жаза қолданылмайды. 20 жылға түрмеге қамалады. Әрі оған мерзімінен бұрын босату, жазасын қысқарту сынды жеңілдіктер жасалмайды. Әділет министрінің айтуынша, жалпы 16 аса ауыр қылмыс бойынша азаматтығынан айыру жазасы қарастырылған. Олар мәселен, лаңкестік топ құрып, оны басқарғандар, елде бүлік, геноцид, сепаратизмге жол бергендер. Бүгін осының бәрі жіпке тізілгендей етіп жазылған жаңа заң жобасын Мәжіліс бірауыздан мақұлдап берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!