Студенттерді қойға теңеген «Болашақтың» басшысына қатысты жанжал жалғасын тапты
Енді орталықтың қызметкерлері президенттерінің былығын әшкерелейтін жазбаны жоққа шығарып, Жанболат Мелдешовты жақтауға кірісті. Айтуларынша, ол осы уақытқа дейін ешкімді жұмыстан қуып көрген емес. Бір топ қызметкер осылай басшыларын қорғаштап жатқанда, дау тудырған шағымның авторлары табылып, пікір қақ жарылды.
Автор: Досжан Маратұлы
24.05.2017
-Жанболат Мелдешовтың былығын әшкерелеп, шағым жазған «болашақтықтар» енді қайтадан басшыларын ақтауға көшті. Орталық қызметкерлері, ол үшін тіпті Мелдешов былапыт сөз айтып дауға қалған кабинетте жиналған.
Айтуларынша, шағымда жазылғандай «Болашақтың» президенті ешкімді жұмыстан қуып, орнына тамыр-таныстарын алған емес. Бір қызығы Мелдешовке жағылған күйені осылай жуып-шаймақ болғандар басшылықтан қысым көргендердің тізімінде жүр. Самал Қамар - солардың бірі.
Самал Қамар, Халықаралық бағдарламалар орталығының департамент директоры:
-Мелдешовке қарсы жазылған шағымға менің аты-жөнім қалай еніп кеткенін білмеймін. Өйткені, президентке көзқарасым оң. Маған қысым көрсеткен емес. Орталықта 11 жыл жұмыс істедім. Жалақысы жоғары жұмысқа шақырту алған соң, ауысқалы жатырмын.
Шағымда Ілияс Тілеубергенов те Мелдешовтың кесірінен жұмысынан айырылған деп жазылған. Бірақ, орталықта 3 ай ғана қызмет еткен «Болашақтың» түлегі де өз қалауымен кеткенін айтады. Ал, Мелдешовтың студенттерді қойға теңеген видеосы әдейі ғаламторға салынған дейді ол.
-Вузы хоть барана принимают, если за него заплатят. Потом этого барана выпинывают. Потом этот баран к нам приходит, а у него на оплату 48 миллионов тенге. Из-за этого и программа страдает.
Ілияс Тілеубергенов, Халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы қызметкері:
-Әділдікті аңсаған азамат сол видео арқылы әділдікті талап еткен болса, тек 40 секундты ғана емес өзіне тиімді роликті, жиналыстың барлық видеосын көрсетуі керек еді. Орысша айтқанда они вырвали из контекста. Ол әңгімеге не итермеледі? Содан кейін не айтылды біз білмейміз ғой.
«Болашақ» басшысының өзі болса, үлкен даудан соң уақытша қызметінен босатылған. Ал, оның міндетін атқарып жатқан орынбасары да Мелдешовтың адамы екені шағымда жазылған. Бірақ, Мейіржан Алпысбай мұнымен келіспей отыр. Тіпті, видеосын таратқан адамды жазаламақ ойда.
Мейіржан Алпысбай, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентінің міндетін уақытша атқарушы:
-Ақпаратты таратпау жөнінде келісім бар. Бәрін анықтаймыз. Бастысы тексерістің қортындысын күтейік аяғына дейін.
Орталықтың қызметкерлері осылай президентін ақтап жатқанда, дау тудырған шағымның авторы табыла кетті. Айтуынша, Мелдешовтың былығын әшкерелеген арызда жазылғанның бәрі шындық. Ал, мұны жоққа шығарғандар басшыларының тапсырмасын орындап жүргендер дейді ол.
Мақсат Дәулиев, Халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы қызметкері:
-Орталықта 7 жыл қызмет еттім. Мелдешов келгелі жұмыс істеу қиындап кетті. Күнде қысым көрсетіп, ашықтан-ашық өз еркіңмен арыз жаз дейтін. Олай істемесең еңбек кітапшаңа дақ түседі деп айтты. Шыдамай жұмыстан шығып кеттім. Әрі мен секілді нанынан айырылғандар көп.
Осылайша, «Болашақ» орталығына қатысты жанжалда пікірі қақ жарылды. Бірі Мелдешовке шаң жуытпаса, екіншісі заңсыздықтарын айтып әлек. Не болсада істің ақ қарасы енді Білім министрлігінің тексерісінен кейін анықталуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!