Астанада үйлері сүрілген тұрғындар жаңа баспанадан бас тартып жатыр
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша апатты үйлері сүрілген астаналықтар жаңа баспанадан айнып отыр. Ескі болса да, қала орталығындағы үйіне бауыр басып қалған азаматтар, сол жағалаудағы жағымсыз иісі бар Талдыкөл жағасына қонғысы келмейді. Бірақ, апатты баспана иелеріне әкімдіктің басқа ұсынар үйі жоқ.
Автор: Азамат Алдоңғаров
25.05.2017
Мына үйдің тұрғындары сол жағалаудағы жаңа баспанаға көшуден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Өйткені үйлері ескі болса да, орталықта. Мектеп, дүкен, жұмыс жайы – бәрі жақын. Валентина Цыганкованың осында тұрып жатқанына 30 жылдан асқан. Жаңа пәтерге көшсек, балаларымның бірі далада қалады дейді ол.
Валентина Цыганкова:
-Қазіргі пәтерім үш бөлмелі. Екі балам бірге тұрады. Олардың да өз отбасылары бар. Ендігі әкімдіктің беріп отырған үйіне көшер болсақ, балаларыма пәтер жалдауға тура келеді. Өйткені жаңа үйдің шаршы метрлері бірдей болғанымен, бір бөлмесі кем.
Ескі үйлердің ауданы аз болғанымен, бөлме сандары көп. Сондықтан үш бөлмелі үйдің орнына екі бөлме бұйырғандар аз емес. Тұрғындарға әкімдік ұсынған үйдің орналасуы да ұнамайды. Жаңа қоныс Президент бұрынғы әкім Жақсыбековті жағымсыз иісі үшін сөккен ауданда.
Виктор Резников:
-Ит өлген жаққа көшіріп жатыр. Президент иісі аңқыған Талдыкөлдің жағасында Жақсыбековке киіз үй тіктіремін деп еді ғой. Ол құтылып кетті, ал бізді дәл сол жерге қондырмақшы.
-Азаматтардың ескі үйлерін мына су жаңа қонысқа айырбастағысы келмеуінің бірнеше себебі бар. Маңайда дүкен жоқ, жол жоқ, ал ең жақын автобус аялдамасына дейін төрт шақырым жаяу жүру керек дейді тұрғындар. Алайда олардың таңдауы жоқ. Астана әкімдігінің халыққа бұдан басқа баспана ұсынғысы келмейді.
Әкімдік басқа баспана ұсынбайды да. Ыңғайсыздыққа қарамастан бұл үйлерде амалсыз тұрып жатқандар көп.
Күмісжан Құсайынова, Астана қаласының тұрғыны:
- Жол жоқ. Таңертен балаларды жаттығуға апарғанда, артық жүргісі келмейді. Автобуспен барайын десең алыс .
Әкімдік тым құрығанда тұрмысқа қажетті жағдай жасап беруі керек еді дейді тұрғындар. Ал көштен бас тартқандарға әкімдіктің жауабы мынау.
-Пилоттық жобаның шарттарына сәйкес Астана қаласының әкімдігі апаттық үй құрылыстарын бұзады және бұзылатын апаттық үйлердің орнына ауданы бойынша тең пәтерлер беріледі. Бұл жағдайда тұрғындар жаңа пәтерлердің ескі үйлердің бөлме санына тәуелсіз, шаршы метрлері бойынша тең үлестірілетінін түсінуі қажет.
«Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы» ММ
Бүгінге дейін әкімдік 228 апатты үйдің 117-сін сүріп, 1570 отбасын жаңа қонысқа көшірген. Кезекте тағы 111 апатты үй тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!