Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Ертең барша мұсылман күткен ораза басталады! Құран түскен қасиетті Рамазан айында тозақ есіктері жабылып, құлшылық еткендердің тілектері қабыл болады. Осы айда жамағат ауыз бекітіп, нәпсісін тыюы тиіс. Исламдағы ұлық мерекелердің біріне орай бүгін барлық мешіттерде түнімен тарауық намазы оқылады. Сондай-ақ, ораза кезінде пітір-садақа берілуі керек. Биыл Рамазан 29 күнге созылмақ.
Автор: Олжас Байжан
26.05.2017
Мұсылман үшін 12 айдың сұлтаны - Рамазанның қарсаңында жайнамазына жығылған жамағат бүгін сап түзеді. Қасиетті айды асыға күткендер Алматының орталық мешітіне сыймай, жауынға қарамастан құлшылық етуде. Шайтандар кісенделіп, тозақтың есігі жабылып, жаннаттың қақпасы ашылатын ораза кезінде барша мұсылман ауыз бекітуі керек.
Ержан Базарбекұлы, Алматы орталық мешітінің наиб-имамы:
-Тамақ бола тұра біз қарнымызды аш ұстаймыз. Сол кезде тамағы жоқ болып, тамақ жей алмай жүрген адамдардың халін түсінеміз. Міне осылайша ысырапшылдықтан ада болғандықтан біздің жұмысымызда да, тапқан табысымызда да береке болады екен. Ораза – сабырлықтың жартысы. Яғни, сабырлық мінез-құлықтың жартысын толықтыратын осы Рамазан оразасы.
Ауыз бекіткен жамағат тек тамақтан бас тартып қоймай, көзін, тілі мен қолын да тыяды, санасын да арам ойдан ада қылады. Оразаны тек сырқат адамдар мен жолға шыққандардың ұстамауына болады. Бірақ сауыққан соң, діттеген жеріне жеткеннен кейін қарызын өтейді. Аяғы ауыр келіншектер мен бала емізген аналарға ауыз бекітпеуге шариғатта рұқсат етілген. Олар ораза тұтқандарға ауызашар жасаса, солармен бірдей сауапқа кенеледі.
Серікқали Бидәулетов, Алматы қаласының тұрғыны:
-Ораза кезінде жеңілдік сезінесің. Жүрегіңе бір мейірімділік келеді.
Ораза биыл да жазғы уақытқа келгендіктен мұсылмандар үшін бұл нағыз сынақ болмақ. Бірақ Алланың ризашылығына бөленуге асыққандарға бұның кедергі емес екені анық. Керісінше, адамның жан дүниесін мейірімге бөлейтін қасиетті айға жеткендеріне үлкен де, кіші де дән риза.
Мұсылман қауымы үшін басталған қасиетті ай маусымның 24-іне дейін жалғасады. Ол оның соңы ұлық мереке – Ораза-айтқа ұласады. Жұрт үш күн бойы туған-туыс пен көрші-қолаңды аралап, айтшылайды. Ал оған дейін мұқтаж жандарға садақа берілуі тиіс. Биыл оның көлемі 300 теңге болып бекітілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!