Астаналық полицейлер заңсыз тіркеуді бизнеске айналдырғандармен күресудің жаңа әдісін тапты
Сақшылар Елордада санитарлық норма енгізбек. Сонда үй иесі пәтердің әр 15 шаршы метріне бір адамды ғана тіркеуге қоя алады. Ал қазір заң бойынша нақты талап жоқ. Астаналықтарға ақысын төлесеңіз болды, баспанасына жүздеген адамды бірден тіркеуге ала береді. Мұндай былықты кезінде Президент те Ішкі істер министрінің бетіне басып, қатаң ескерту жасаған болатын.
Автор: Жәудір Оразхан
26.05.2017
Президенттің пәрменінен кейін Астанадағы ақылы тіркеу сап тыйылған жоқ. Заңсыз жұмыс істейтіндер әлі де бар. Айласын асырған олар Елордадағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жайғасып алған. Күзетшілерден сұрасаңыз, бірден жол көрсетеді. Жасырын барып, біз де бағасын білдік. 10 мың теңге төлесеңіз, астаналық болып шыға келесіз.
Жасырын камера:
-Астаналық тіркеуге тұрғызып беремін.Басқалар алдайды. Олардың жұмысы заңсыз болған соң полиция ұстап алып кетуде. Және мың, екі мың доллардан айыппұл салды.
Бәсекелестерін даттап, өзін мақтаған келіншек қазір тексерудің жиілеп кеткенін айтты. Астаналық тіркеуді саудалап жүргендерді іздеп полицейлер, тіпті ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері күнде келеді екен. Сондықтан олар көзге түспеу үшін орталыққа келген адамдардың арасында отырып жұмыс істейді. Ал келіншекке сұрағымыз көп болған соң ба, күдіктеніп, бізді тіркеуге тұрғызудан бас тартты.
-Бірақ біз мұнымен шектелмедік. Астанадағы ақылы тіркеуді интернет арқылы іздеуге кірістік. Ғаламторда да хабарландыру өріп жүр. Мұндағы баға 7 мыңнан 15 мың теңгеге дейін жетеді.
-Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеуге қоямын. Үй өзімдікі. Адамдарды алдамаймын. Бәріне өзім жауап беремін.
Соңғы жарты жылда Астанада 250 мың адам тіркеуге тұрыпты. Оның қаншасының заңсыз жүргені белгісіз. Полицейлер үй-үйді аралап, жүзден астам пәтер қожайынына 23 мың, ал азаматтарға 16 мың теңгеден айыппұл салған. Заңсыз тіркелген 5 жарым мыңнан астам адамды шығарыпты.
Қуаныш Жандыбаев, Астана қаласы ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:
-Тексеру кезінде үй иелеріне айттық, егер артық адамды тіркеуге алсаңыздар, КСК, Астана су арнасы арқылы қосымша ақы төлейсіздер. Яғни, адам басына ақша алынады деп. Мұндай талапты естіген пәтер қожайындары бірден шығарып жіберуде. 300 астам пәтерді тексердік.
Бірақ, полицейлер риэлтор немесе үй иесіне нақты талап қоя алмайды. Өйткені, бір баспанаға қанша адамды тіркеуге рұқсат етілетіні заңда жазылмаған. Сондықтан, сақшылар Астанада санитарлық норма енгізуді ұсыныпты. Ол бойынша пәтерде әр адамға 15 шаршы метр аумақ берілуі тиіс. Бұл шектеудің туыстарына қатысы жоқ. Сонда үй иесі артық адамды тіркеуге алмайды екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!