Алматыда күйеуінде кеткен өшін ұлынан алған өгей шеше ең ауыр жаза арқалады
Бүгін Алматы облысында 11 жастағы Өркен Азаматұлын өлтіргендерге үкім кесілді. Адуынды әйел осы ауыр қылмысқа таныстары мен туған ұл-қызын да тартқан болатын. Сол бес адамның алды 25, соңы 12 жылдан арқалап отыр. Өркеннің туыстары мұны жеңіл жаза десе, өгей ұлын аямаған Шәрипа Ақбердиева да туған ұлына кесілген 23 жылды азсынып қалды.
Автор: Диас Нұрақын
26.05.2017
-Өркен Азаматұлын айуандықпен өлтірген Шәрипа Ақбердиева бүгінгі сотта соңғы сөз алып ел күтпеген тосын мәлімдеме жасады. Басты күдіктінің айтуынша бұл қылмысқа туған қызы Айдана Ақбердиеваның еш қатысы жоқ екен. Тіпті оның аяғы ауыр екенін ескеріп оған жеңіл жаза қолдануды өтінді. Шәрипа Ақбердива, керісінше, қалған үш күдіктіге үкім тағайындау кезде судьядан жазаларына тағы да 5 жыл қосып беруді сұрады.
Өйткені Өркеннің өгей шешесі өз балаларым өзіме қастандық қылып, жала-жапты дейді. Алайда оның бұл сөзі үкім шығарарда еш ескерілген жоқ. Керісінше, судья 11 жастағы мектеп оқушысын жауыздықпен өлтіруге тапсырыс берген Шәрипа Ақбердиеваға ең ауыр жаза тағайындап, 25 жылға бас бостандығынан айырды.
Берікжан Байжүнісов, судья:
-Ақбердиева Шәрипа Жұмағалиқызына педогогикалық және кәмелетке толмағандармен байланысты лауазымды атқаруға өмір бойы тыйым сала отырып 25 жылға бас бостандығынан айыру, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу тағайындалсын.
Басты айыпталушының ұл-қызы мен өгей баласы, такси жүргізушісі де жазадан жалтарып кете алмады. Сот шешімімен Темір Ақбердиев – 23 жылға, Айдана Ақбердиева – 16 жылға, Қадыржан Гулямов -12 жылға, көлік тізгінінде болған Руслан Муталипов – 17 жылға сотталды. Соңғы сот отырысына Өркеннің өз әкесі келген жоқ. Ал марқұмның анасы ұлын өлтірген қаныпезерлерге берілген жаза тым жеңіл дейді.
Айжан Қыдырмолданова, Өркен Азаматұлының анасы:
-Жаза әділ болмады. Бірақ Қазақстан заңында әйелдерге өмірбақи бас бостандығынан айыру деген заңда жоқ екен. Сол үшін заңға кіргізу керек. Ал Темір деген баласына 23 жылдан да көбірек беруге болар еді.
Ал Ақбердиеваның адвокаты бүгінгі сот үкіміне мойынсұнған секілді. Сондықтан апелляциялық алқаға жүгіну-жүгінбеуіміз екіталай дейді. Өйткені қаршадай баланы бақилық қылған қылмыскерді қорғаудың өзі қиынға соққан екен.
Орман Қайдарбеков, Шәрипа Ақбердиеваның адвокаты:
-Ақбердиевамен жұмыс істеу өте қиын болды. Ауыр қылмыс отбасылық жағдай. Қаза болып жатқан жерде барлық дүние бар.
Жәбірленуші тарап Өркенді өлтіргендерден көк тиын өтемақы талап етпейміз дейді. Есесіне 5 сотталушы сот шығындарына кеткен жарты миллион теңгені төлеуге міндеттелді. 11 жастағы Өркен Азаматұлы 19-шы қаңтарда жоғалып кеткен болатын. Оның өлі денесі екі тәуліктен кейін Алматы іргесіндегі саяжайлардың бірінен табылды. Бейкүнә баланы қаскөйлер алдымен буындырып өлтіріп, артынан пышақтап тастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!