Қапшағайда жергілікті бюджеттің жұмсалуына қатысты дау шықты
Қаладағы қоғамдық бірлестік өкілдері жергілікті бюджет қаржысының дұрыс игерілмей жатқанын айтып отыр. Қала әкімдігінің алдындағы екі субұрқақты жөндеуге 55 миллион теңге жұмсалғанын естігенде, ұйым өкілдерінің төбесінен жай түскендей болыпты. Сондай-ақ, көшедегі көшеттерді суғару мен жағажай жөндеуіне кететін шығын да қала тұрғындарын таңқалдырып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.05.2017
Қапшағайдағы әкімдіктің алдындағы мына екі субұрқақ қала тұрғындарының айтуынша, сонау 90-шы жылдардан бері тұр. Қарапайым жөндеуден сәл өзгергені болмаса, жаңарып кеткен ештеңесі жоқ дейді жұрт.
Талғат Хасенов, «Қапшағай тұрғындары» қоғамдық бірлестігінің хатшысы:
-Тастарын ауыстырған шығар, жарығы бар, мына жерде суреті бар, түнде жанғанда қандай болатыны, соны да жасаған шығар. Оны жасаған дұрыс, енді әдемі болғаны дұрыс қой. Бірақ, 55 миллионды айтсақ, 55 миллион деген көп зат жасайтын ақша.
Көзге оттай басылған тек субұрқаққа кеткен шығын емес. Екі саябақты таза ұстауға – 154 млн, қураған ағаштарды кесуге – 9,5 млн, жасыл көшеттерді суғаруға – 8,5 млн, екі жағажайды абаттандыруға – 265 млн. теңге бөлінген.
Ал мына кадрлардан көшедегі қурап кеткен көшеттерді көруге болады. Бұл өткен аптада түсірілген. Алайда көзге оғаш көрінген соң түгел қазып алып тастапты. Қазір ойық-ойық боп орындары ғана қалған. Дегенмен, бұл жағдайларға қатысты қала әкімінің өз айтары бар. Яғни ұйым өкілдері бюджет бөлінісін дұрыс түсінбеген. Жөндеуден өтетін субұрқақ екеу емес, төртеу екен.
Талғат Қайнарбеков, Қапшағай қаласының әкімі:
-Біз блокпен бөліп тастадық. Бір фонтан деген әкімшілік, аллея. Ал екінші блок ана парктағын көрсетем сізге. Ол блок лотпен. Сондықтан, екі фонтан.
Ал сметада көрсетілген ең үлкен сома 265 миллион теңге – 18 гектар жағажай салуға жұмсалатын ақша болып шықты. Ол – алдағы екі жылда бітетін жұмыс. Айта кетерлігі, даудың басына қала басшысын қолдайтындар келіп киліге кетті. Олардың айтуынша, әкім барлық ісін әділ жүргізіп отыр. Ал бюджетті есептеп жүргендер – тырнақ астынан кір іздегендер дейді.
Әкімдікті қорғаған ардагерлер мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірі ақыры бір арнаға тоғыспай қойды. Дегенмен, дау болған бюджет қаражаты жөніндегі әңгіме әлі біразға созылайын деп тұр. Өйткені қоғамдық ұйым өкілдері енді сол қаражаттардың игерілу барысын да қатаң бақылауға алмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!