Алматы облысында "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолын салған жұмысшылар жалақысыз жүр
Мұнда 200-ден астам адам төрт айдан бері көк тиын жалақы алмаған. Көбі жүк көлігінің жүргізушілері. Бірақ құрылыс жұмыс аяқталса да, айлық жоқ. Тіпті түрік компаниясы қордаланған қарызын қайтармаудың қамына кірісті дейді наразы топ.
Автор: Диас Нұрақын
30.05.2017
Түріктің «Догуш Гульсан» деп аталатын компаниясында жалданып жұмыс істеген 200-ге тарта адам автобан құрылысына қажетті материалдарды тасымалдаумен айналысыпты. Осыдан жиырма күн бұрын барлық жұмыс аяқталған. Соған қарамастан мердігер айлық беруге асықпай отыр дейді жиналғандар.
Ахат Мұратбек:
-Бір менің өзіме жарты миллион қарыз. Бала-шағаны асырау керек. Басымызда несие бар.
Түрік компаниясы жол құрылысына қосымша отандық үш компанияны тартқан. Қазір соларға бас мердігер 200 миллион теңге берешек. Бірақ қарызды қайтарудың орнына құрғақ уәдемен тойдырды дейді жұмысшылар.
Өмірсерік Тұрғынбеков:
-Бүгін ақшамыздың 50 пайызын аударамыз деп отыр дейді. Ол да сұрақ белгісі. Бүгін аударамыз, ертең аударамыз дегендеріне төрт ай болды.
Осылайша шыдамы таусылған жұрт бүгін басшылықпен кездесуді талап еткен болатын. Бірақ «Догуш Гульсан» компаниясының қаржылық директоры жиналғандарға жөні түзу жауап қатпақ түгілі, ешкімге есеп беруге міндетті емеспін деп шорт кесті.
-Здесь самосуд устрайвать не надо. Я вам детально не обязан ответить на эти вопросы...
Сөйтіп, бас мердігер қордаланған қарызды қайтармау үшін қырық түрлі қулыққа баруда. Мәселен, олар қосалқы мердігерлерден «Догуш Гульсан» компаниясына ешқандай талабымыз жоқ деген кепілдеме хат талап етуге кіріскен. Тек сонда ғана берешектің бір бөлігін аударамыз деп уәде етіпті.
Сейітбек Дүйсембаев, «Kaspian Maschinery» компаниясының директоры
-110 миллионов тенге должны они только одной компаний. Здесь 10 миллионов хотят закинуть, после этого мы должны отказаться от всех претензий. 100 миллионов должны подарить. Я так думаю что это мошенничество...
Қазір шетелдік компания мен жұмысшылар арасындағы дауға облыстық еңбек инспекция араласа бастады. Олар төрт ай бойы ақша төлемеген түрік компаниясында ауқымды тексеріс жүргізбекші.
Жұмысшыларының жалақысын бермей зар жылатқан түрік компаниясы Батыс Еуропа - Батыс Қытай тас жолының дәл осы бөлігін салуды өз мойындарына алыпты. Олар соңғы үш жылда бас-аяғы 112 шақырым тас жол төсеген. Қазір мұндағы автобанның құрылысы 95 пайызға дайын. Ал жиырма күн бұрын мұндағы құрылыс жұмыстары толықтай тоқтатылған. Сондықтан жалақысын даулаған жұмысшылар тез арада айлығымызды алмасақ шетелдік компания басшыларын бұдан кейін таппай қаламыз деп қауіптеніп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!