Елдестірмек елшіден! Назарбаев жаңа елшілерді Ақордаға шақырды
Бүгін елімізде бір уақытта төрт мемлекеттің елшілері ауысты. Халықаралық протоколға салсақ, бұл дипломаттардың ресми түрде іске кірісуін білдіреді.
Автор: Жәудір Оразхан
30.05.2017
Ақордаға алғаш кірген Корея, Индонезия, Сербия мен Румынияның елшілері бүгін Нұрсұлтан Назарбаевпен де жеке танысты. Мемлекет басшысына сенім грамотасын тапсырған мәртебелі меймандар енді ғана Қазақстанның тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныса бастаған. Жаз шыққанда, Арқа төсіне қоныс аударған дипломаттар бұдан-былай халықаралық заңдармен қорғалатынын айта кетейік. Осы жерде Елбасы жақында Астанаға Оңтүстік Кореяның жаңа президенті мен Индонезия және Сербия басшыларының келетінін айтты. Сондай-ақ, өз үкіметінің құлағы, тілі, һәм көзі атанғандарға инвестиция тартуға белсене қатысуға кеңес берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының президенті:
-Инвесторларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Оны сіздер оқып, білулеріңізге болады. Сондықтан өз бизнесмендеріңізге Қазақстанға келіп, жұмыс істеу қолайлы екенін, пайдалы екенін түсіндіресіздер деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!