Алматыда ұзын-сонар кептеліс болды
Бүгін алматылықтардың таңы ұзын-сонар кептелістен басталды! Қала орталығында көлік қозғалысы қиындап, жұрт жолда сағаттап тұруға мәжбүр болған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
30.05.2017
Мұнда жаңбыр жауа қалса, кептелістің күшейе түсетініне жұрт әбден үйренген. Бірақ, бүгінгісі бұрынғыдан ерекше болды. Өйткені қаз-қатар тізілген көліктер бірнеше шақырымға дейін кептеліп қалған. Сөйтсе, жығылғанға жұдырық болғандай, таңнан бері Республика алаңы жабылыпты. Сондықтан жүргізушілердің бұл аумақты айналып өтуіне тура келді. Ал алаңға тек әскери көліктер мен мектеп автобустары жіберілді. Ондағы қаптаған адам да ертемен жұрттың зәресін ұшырған. Олар мектеп оқушылары екен. Мұнда балаларды қорғау күніне орай өтетін ауқымды шеруге дайындалып жүр. Әр мектептен жиналған оқушылар тіпті жаңбырға қарамай, әзірліктерін пысықтады. Ал, мұндай жағдай әлі 2 күнге жалғаспақ. Яғни ертең және маусымның бірінде таңғы 9 жарымнан 12-ге дейін алаң жабылады. Сондықтан бүгінгідей кептеліс тағы қайталануы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!