Оңтүстікте балабақшаны жекеге алған кәсіпкер қызметкерлерін жұмыстан қуып жатыр
Жекеменшіктен зәрезап болғандар. Оңтүстік Қазақстандағы Кентау қаласында, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған балабақша жекеге өтіп, мекеменің 20-дан астам қызметкері жұмыссыз қалды. 3 жыл бұрын ғана ашылған нысан биыл бюджет ақшасын үнемдеу үшін жергілікті кәсіпкерге берілген екен. Сол кезде бірде-бір адам жұмыстан шығарылмайды деген келісім болған. Десе де кәсіпкер биліктегі лауазымды туыстарының атын жамылып, балабақшада бассыздық жасап отыр дейді жұмысшылар.
Автор: Бек Әбиев
30.05.2017
«Сәуле» балабақшасы кезінде «Балапан» бағдарламасымен ашылған. Кентау билігі оны биыл жекеге беруді ұйғарыпты. Себебі, ғимаратты жалға алғанымыз үшін ай сайын жеке кәсіпкерге 760 мың теңгені төлеп шығынға баттық дейді әкімдіктегілер. Енді балабақшаны меншігіне алған сол кәсіпкер 51 қызметкердің 21-ін жұмысқа алмаймын деп қиғылық салған.
Жанат Сарыбаева, Кентау қаласының тұрғыны:
-Ешкім ешқайда кетпейді деп айтқан. Тек аты өзгереді деп. Бұл кісінің әйелі мен қызы бұл отбасылық бизнесіміз, сені құртам деп дікіңдейді.
Бұл ғимарат 3 жыл бұрын монша болған екен. Сол моншаны өз ақшамызға ақтап-сырлап балабақша еттік деген оншақты келіншек бүгін осында келді. Айтуларынша, қазіргі 180 баланы да өздері жинапты. Бірақ еткен еңбек елеусіз қалған. Бүгін де ашулы тәрбиешілер жаңа басшылықпен сөйлеспек болған еді. Алайда, тараптардың әңгімесі сол күйі жарасқан жоқ.
-Назарбаевқа барып жазсам болады. Мүгедек балам бар, менің байым жоқ Неге сіз мені ашындырасыз. 300 мың беріп кіргем мен осы жерге.
Ал білім бөліміндегілер екі жақты да сабырға шақырып әлек. Тіпті ешкім жұмыстан қуылмайды деп уәдесін де берді шенеунік.
Әділ Әуелбеков, Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы:
-Бұл жерде түсінбеушілік бар. Бұл ғимаратты алған мердігер осы жердегі жұмыс істеген бұрынғы жұмысшылардың барлығын 100 пайыз жұмысқа алады. Себебі, еңбек кодексі бар. Одан бөлек білім министрлігіміздің мемлекеттік стандарттарымыз бар.
Шенеунікке сенсек, тәрбиешілердің барлығы қайтадан жұмысқа алынуы керек. Егер кәсіпкер әлдекімді заңсыз жұмыстан қуса балабақшаны қайтарып аламыз деп отыр. Бірақ мекеме қожайыны туыстарының бірі әкім орынбасары, бірі прокурор екенін естіген тәрбиешілер, шенеуніктер уәдесінен тайқып шыға ма деп қорқады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!