Жамбыл облысында соққан дауылдан екі адам қаза тапты
Құрылыс алаңындағы бастырманың төбесінде жүрген екі жұмысшыны шатырымен қоса жел ұшырып әкетіп, төбе жабындысы электр сымына соғылған. Сөйтіп, екі жұмысшы тоққа түсіп қалыпты. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, дүлей жел Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының да тынышын қашырды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
30.05.2017
Секундына 27 метрге дейін соққан дүлей дауыл Тараздың астаң-кестеңін шығарды. Күшті жел білім ошағы салынып жатқан мына құрылыс алаңындағы бастырманың шатырын ұшырып әкете жаздаған. Осы мезетте прораб жұмысшыларға жабындыны мықтап бекітуін тапсырып, төбесіне шығарып жіберіпті. Алайда, жел екі адамымен қоса шатырды көтеріп электр бағанасына аударып түсірген.
Жоламан Азатов, оқиға куәгері:
-Балка әкеп тастадық, сосын екіншісін әкеп тастайын деген кезде ұшады ғой. Ұшқан кезде мына екі тоққа тиеді, сосын екі жақтан жарқыл шығып, одан кейін жүгіріп келгенде екеуі осы жерде қансырап жатады ғой.
Жоламанның айтуынша, басшылары дауылға қарамастан бес адамды шатырды жөндеуге мәжбүрлеген. Құдай сақтап, үшеуі жерге түсіп үлгерген. Ал, 24 және 53 жастағы 2 адам жоғарыда қалып кеткен. Екеуі де компанияға жуырда ғана жұмысқа орналасқан екен. Қаза тапқан Сәкен Наржановтың баласы фирма өкілдері әкемді әдейі өлтірді деп отыр.
Мақсат Наржанов, марқұмның ұлы:
-Әлбетте адами фактор, дауыл тұрған кезде ешкім жұмыс істеткізбейді ғой. Ешкім бұндай дауылда жұмыс істемеуі керек, алдын-ала ескерту берілді ғой. Ондай кезде бәрін қайтару керек. Кәнілілер жазалау керек. Бір үйді асырап отқан адам.
Қазір осы дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Ал құрылыс компанияның прорабын орнынан табу мүмкін боламады. Мұнда өзін фирма менеджерімін деген мына азамат қана жүр. Алайда оның жауабы көрмедім, білмедімнен әрі аспады.
Еркебұлан Айтқұлов, құрылыс компаниясының менеджері:
-Я не знаю. Я только приехал. Щас разберемся, потом я могу на ваши все вопросы ответить.
Сондай-ақ шаһарда кешегі желден үш адам зардап шекті. Екі тұрғынның үстіне темір қақпа құлаған, біреуі ауыр жарақат алыпты. Тағы бір 11 жастағы баланы да тал басып ауруханаға түскен. Дүлей жел Оңтүстік қазақстан облысында да сойқан салды. Дауылдан әсіресе Арыс, Бәйдібек және Ордабасы аудандары едәуір шығынға батқан. Ондаған баспана мен бірнеше әлеуметтік нысанның төбе жабындысын жел ұшырып әкеткен. Ал, Шымкентте 20-дан астам көлік құлаған ағаштың астында қалып қойды. Адам шығыны жоқ. Қазір апаттан келген шығын есептелуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!