Алматы облысында тағы лай көшкіні жүріп,аулаларды басып қалды
Бір айналдырғанды шыр айналдырды! Алматы облысында соңғы он күннің ішінде екінші лай көшкіні жүрді. Салдарынан тау бөктерінде тұратын жұрт топырақ астында қалып қоя жаздаған. Аяқасты сырғыған 350 текше метр лай аулаларды басып қалды. Құдай сақтап, аман қалғандар енді өз үйлеріне кіруден қорқып жүр. Өйткені табиғат апатының тағы қайталанбасына еш кепілдік жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
31.05.2017
Бесағаштағы өңшең қалталылар тұратын мына котедждер қалашығының тұрғындары жаңбыр жауса, жандарын шүберекке түйіп отырады. Түнде де тұрғындар көз ілмей шыққан. Өйткені мұндағы 100-ге тарта үй тауға тым жақын тұр. Ал олардың дабыл қағуы бекер емес. Жұрт қорыққандай-ақ, әбден ылғалданған тау етегі таңертең опырылып түсіпті. Аяқасты сырғыған 350 текше метр лайдың астында кішкентай балалар қалып қоя жаздаған.
-Міне, менің үйім. Мынау түскен топырақ. Өткен жолы 450 куб түскен. Үйге сәл ғана жетпей қалды.
Сол сәтте Гүлбақыт Оразымбетованың балалары үйде ұйықтап жатыпты. Бұл осы ауланы 10 күн бұрын да дәл осындай көшкін басып қалған. Көп ұзамай апат қайталанып отыр. Оның бұдан кейін де болмасына ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан тұрғындар өз үйіне кіруден қорқып жүр.
Гүлбақыт Оразымбетова, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде қалай әрі қарай тұруға болады? Ұйықтамайтын болдым.
Көшкінге тек жауын-шашын емес, мұндағы арық жүйесінің дұрыс салынбауы да себеп. Соның кесірінен, биіктіктегі су бір жерге жиналып қалады. Ал, ол уақыт өте келе топыраққа сіңіп, бүгінгідей жағдайға әкелуде.
Адалят Норузова, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- Балалар ойнаса, басып қалса қайтеміз?.
Бұлар жер телімін жеке кәсіпкерден сатып алған. Дәурен Мейірманов деген азамат бастапқыда тау бөктерін бекітіп беруге уәде етіпті. Бірақ жұрттың ақшасын алған соң, ұшты-күйлі жоғалған. Енді тұрғындар жергілікті шенеуніктерден де көмек көре алмай жүр.
Мұхит Әлібеков, Бесағаш ауылдық аймағының әкімі:
- Бекіту енді қыруар қаражат. Өйткені, бұл Бурабай мекен-жайы біздің ауылдық округтің шекарасына, бас жоспарға кірмеген. Мемлекет тарапынан бұл жаққа арық, су, болмаса, газ жүргізуге мемлекеттің ақшасын сала алмаймыз.
Сондықтан шенеуніктер мәселені қалашық иесіне сілтеді. Бірақ қайта-қайта көшкін жүріп жатқанда, Мейірманов бұл жерден төбе көрсетпеген. Соған қарағанда, жұрттың өз қотырын өзі қасуына тура келетін сыңайлы. Ал әкімдік аулаларды топырақтан тазартуға ғана көмектеспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!