Бас прокурор Василий Нидің ісіне қатысты түсініктеме берді
Жазадан жеңіл құтылған атышулы Василий Нидің ісіне қатысты бүгін Бас прокурорға да ақталуға тура келді. Жақып Асановтың айтуынша, «Қорғас» халықаралық орталығының басшысын сот залынан босатқан судьяның үкімі заңға қайшы емес.
Автор: Досжан Маратұлы
31.05.2017
Өйткені, Ни кінәсін бірден мойындап тергеуге көмектескен. Әрі келтірген шығынды да өтеп берді дейді Бас прокурор. Сондықтан судьяның жазаны жеңілдететін қылмыстық кодекстің 65-ші бабына сүйеніп, құлқыны кең басшыны босатудан басқа амалы қалмапты. Айта кетейік, 300 миллион теңгеден астам ауызбастырық алып жатқанда қолға түскен «Қорғас» халықаралық орталығының басшысын Алматы соты босатқан болатын. Сөйтіп, Ни түрмеде небары алты ай ғана отырды. Жазадан жеңіл құтылған оны жол апатын жасап аты шыққан Мақсат Үсеновпен салыстырған Бас прокурор, мұндайлар түрмеде отыру үшін заңға өзгерту енгізу керек дейді.
Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:
-Соттың құқығы бар оны кінәлі деп тауып, бірақ жауапкершіліктен босатуға.
-Пара үлкен ғой бұл жерде?
-Жоқ мен тағы айтамын. Заң бұзылған жоқ. Демек, егер дұрыс болмаса, онда бар күшімізді сол заңды өзгертуге салуымыз керек. Ол басқа мәселе.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!