{metadescription}
Ақышевтың алтын құймаларды сатып алу жайлы бастамасына сарапшылар күмән келтірді
Ақышевтың алтын құймаларды сатып алу жайлы бастамасына сарапшылар күмән келтірді

Ақышевтың алтын құймаларды сатып алу жайлы бастамасына сарапшылар күмән келтірді

Елімізде алтын құймаларды сатуға рұқсат етілді. Бүгін Ұлттық банк төрағасы қордағы құнды металдардың сатылымға шығарылғанын  хабарлады. Данияр Ақышевтың айтуынша, салмағы 10, 20, 50 және 100 грамдық алтын құймалар екінші деңгейлі банктерде саудаланады. Оны кез-келген азаматтың жеке капитал ретінде сатып алуға мүмкіндігі бар. Ал болашақта олар ақша айырбастау орындарында да ашық сатыла бастайды.

Бар байлығын банкте сақтаудан сескеніп, төсегінің астына тығатындар үшін капитал жинаудың тағы бір тиімді тәсілі пайда болды. Бүгіннен бастап Ұлттық банк әр түрлі салмақтағы алтын құймаларды сатылымға шығарды. Оны кез-келген азамат екінші деңгейлі банктерден ала алады. Ал ақшадан қысылсаңыз қайтадан сатып жіберуге мүмкіндік бар. Тұрғындардың тапқан-таянғанын теңгемен емес, сом алтынмен сақтаудың артықшылығын бүгін Данияр Ақышевтың өзі түсіндірді.   

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

-Біздің азаматтар негізгі жинақтарын депозит немесе шетел валютасымен ұстайды. Ұлттық банк енді капитал жинаудың жаңа түрін ұсынып отыр. Бұл алтын құймалар теңге сарайында дайындалады. Салмағы 10, 20, 50 және 100 грамнан. Негізінде алтын унциямен есептеледі. Бірақ біз халыққа түсінікті болуы үшін граммен есептескенді жөн көрдік.

Алтын құймалардың бағасы да салмағына сай әртүрлі. Мәселен 10 грамм алтын - 127 мың теңге,  20 грамм - 254 мың теңге, 50 грамм - 635 мың теңге, 100 грамм- 1 миллион 270 мың теңге шамасында болмақ. Бірақ бұл баға әлемдік нарықтағы алтын бағасына сәйкес өзгеріп отыруы мүмкін.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

-Ұлттық банк алтын құймалардың бағасын күн сайын жариялап отырады. Бұл үшін оның әлемдік нарықтағы құнын ескереміз. Осыған сәйкес екінші деңгейлі банктер өз бағасын қояды. Яғни алтын құймаларды сатып алу мен сату арасында аз-кем  айырмашылық болады.

Нарыққа шығарылған алтын құймалар арнайы қаптамаға салынған. Сондықтан оны сатар кезде сыртқы келбеті бұзылмауы тиіс дейді Ұлттық банк өкілдері. Өйткені қорабы ашылған құймаларды банк бірден қабылдамайды екен. Құнды металды арнайы сараптамадан өткізіп, көз жеткізіп алуы керек. Алайда сарапшылар қарапайым халық үшін алтынға инвестиция салу елімізде тиімсіз дейді. Өйткені күнде құбылатын құнды металл бағасы құнын жеп қоюы мүмкін.

Меруерт Махмұтова, сарапшы:

-Халықтың кірісін бағаласам, дәл осы алтын құймаға салатындай көп ақшасы жоқ деп ойлаймын. Бүгінгі таңда валюталық депозиттердің орнына ұсынылып отырған жол. Бірақ валюталық депозитті кісі қажет болғанда ақшасын алып қажеттілігіне жұмсайтындай  болса. Алтынды қымбат бағамен алғанда, сатарда, баға төмендесе ешкім де алған бағамен қайтып сата алмайды. 

Төрт түрлі салмақта сатылымға шығарылған алтын құймаларды алғашқылардың бірі болып Нұрсұлтан Назарбаев сатып алыпты. Алдағы уақытта бағалы металл ақша айырбастау орындарында да еркін сатылатын болады. Ал әзірге алтын құймалар Алматы, Астана, Атырау және Өскемен қалаларындағы екінші деңгейлі банктерде сатылуда. Сұраныс көбейсе сом алтынның салмағы көбейтіліп, сатылу аумағы да кеңейтілмек. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.